Елордада оқушылар арасында гандболдан Азия чемпионаты өтеді

5 Наурыз 2020, 08:46
991
Бөлісу:
Елордада  оқушылар арасында гандболдан Азия чемпионаты өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласы мектеп оқушылары арасында гандболдан Азия чемпионатын өткізу құқығын жеңіп алды. Енді чемпионат 2021 жылы 19-24 шілде аралығында өтеді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.

Елорда әкімдігінің "Астана конвеншн бюро" ЖШС Қазақстан мектеп спорт федерациясымен бірге мектеп оқушылары арасында гандболдан Азия чемпионатын өткізу құқығына арналған биддингке (конкурс) қатысты.

Өтініш Халықаралық мектеп спорт федерациясына (ISF) және Азия мектеп спорт федерациясына (ASSF) жіберілді. Нұр-Сұлтан қаласынан түскен өтінішті қарау нәтижесінде оң шешім қабылданды. Іс-шара өткізу туралы шешім қабылданған кезде қалалық туризмнің даму болашағы, жүзеге асырылған сәтті жобалар мен іс-шаралар тәжірибесі, тұрақты даму, экономика, әлеуметтік сала және елорданың әкімшілік жүйесі ескерілді, - делінген хабарламада.

 Бұл Азия мектеп спорт федерациясының қолдауымен Қазақстанда ұйымдастырылған мектеп оқушылары арасындағы алғашқы халықаралық дода.


Жарысқа Азияның кем дегенде 10 елінен 200-ден астам оқушы қатысады.

Сонымен қатар чемпионат аясында Атқарушы комитеттің отырысы мен Азия мектеп спорт федерациясының 10-форумы өтеді. Форумға Азияның 20 елінен 60-тан астам ұлттық мектеп спорт федерациясының өкілдері қатысады, - делінген хабарламада.

Қазақстандық мектеп спорт федерациясы, өзін-өзі қаржыландыратын үкіметтік емес ұйым - Халықаралық мектеп спорт федерациясы (ISF) және Азия мектеп спорт федерациясының (ASSF) толыққанды мүшесі. ISF және ASSF аясында Бүкіләлемдік гимназиадалар, жекпе-жек сайыстары, инклюзивтік және танымдық ойындар, 40-тан астам спорт түрінен әлем және құрлықтық мектеп чемпионаттары өткізіледі.



Өзгелердің жаңалығы