Бүгін елордадағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына Мысыр елінен арнайы әкелінген қолжазбалар жинағының тұсауы кесілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мысыр Араб Республикасындағы Әл-Азхарға қарасты Ислам зерттеулер Академиясы кітапханасынан 28 томнан тұратын каталог әкелінген. Осылайша, кітапхана қорында бар кітаптардың тізімі Нұр-Сұлтандағы орталыққа сыйға берілді.
Тұсаукесер рәсіміне Мысыр елінен келген делегация өкілдері, Қазақстанның Египет Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф, ғалымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Бүгінгі жиын мысырлықтардың қазақ халқына деген құрметі екендігін атап өткім келеді. Жұмыстың маңыздылығына тоқталар болсақ, өте құнды дүние. Өйткені осы каталог ислам және араб әлемінің ғасырлар бойы дамуын көрсетеді. Еңбектің тағы бір құндыдығы – оның бірнеше ғылым мен білім саласын қамтуында жатыр. Осы туындылардың артында ислам әлемі, араб текті авторлар тұр. Бұл каталог 55 мыңнан астам қолжазбаны қамтиды. Мәселен, араб тіліне қатысты ғылым-білімдер, ислам, медицина, астрономия, жалпы барлық саланы қамтиды деп айтуға болады. Еңбектің бір ерекшелігі – ол нақты бір аймақтың авторларын ғана қамтып қоймайды, оның ауқымы кең. Осы еңбектің діни және ғылыми маңыздылығын барша жұрт білуі керек. Өйткені бұл тек арабтарға ғана емес, барша мұсылман қауымға ортақ мұра, - деді Мысыр Араб Республикасы Әл-Азхар жанындағы Ислам зерттеулер Академиясының Бас хатшысы, профессор, доктор Назир Мұхаммед Мұхаммед әл-Назир Аяд.
Айтуынша, аталған еңбек – жылдар бойы жасалған еңбектің нәтижесі.
Келесі аптада біздің елден арнайы делегация Мысырға аттанамыз. Сапарымыздың басты мақсаты – Қазақстанға қатысты қолжазбаларды анықтау және елге әкелу. Әл-Азхар университеті мен Ислам зерттеулер Академиясына барып, біздің мәдениетімізге, тарихымызға қатысты қолжазбаларды зерттеп, ғылыми айналымға енгіземіз, - деп атап өтті Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының бас сарапшысы Алмат Абсалықов.