Елордада марқұмды жерлеу тәртібі өзгереді: 6 шаршы метр жер тегін

17 Наурыз 2023, 11:07
940
Бөлісу:
Елордада  марқұмды жерлеу тәртібі өзгереді: 6 шаршы метр жер тегін
Фото: Егемен Қазақстан

Туысы жоқ, қаза тапқан жандарды жерлеу шараларының шығыны бюджет есебінен жүргізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астана қаласы әкімдігі Ашық НҚА порталында қайтыс болған адамды жерлеу және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастыру қағидаларын қоғамдық талқыға ұсынды. Онда марқұм болған адамды жерлеу тәртібі көрсетілген.

Ережеге сай, елорда әкімдігі әрбір қайтыс болған адамды жерлеу үшін зираттан кемінде 6 шаршы метр жер учаскесін тегін бөледі. Зираттағы бос жер учаскелері туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органның ресми интернет-ресурсынан көруге болады.

Қайтыс болған адамды жерлеу үшін оның жақындарының бірі зират әкімшілігіне Электрондық үкімет веб-порталы арқылы алынған қайтыс болу туралы куәлікті немесе №045/у нысаны бойынша қайтыс болу туралы медициналық куәлікті өткізуі тиіс. Соның негізінде зират әкімшілігі қайтыс болған адамды жерлеу туралы есеп жүргізеді. Ол келесі мәліметтерді қамтиды:
жерлеу жылы, айы, күні;
зираттың нөмірі;
қайтыс болған адамның тегі, аты, әкесінің аты;
туған және қайтыс болған күні;
өлімнің себебі;
Электрондық үкімет порталынан алынған қайтыс болу туралы куәліктің нөмірі, күні және кімнің бергені;
марқұмның жақын туыстарының тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН, жеке басын куәландыратын құжаттың берілген күні мен нөмірі, мекенжайы, туыстары болмаған жағдайда, жерлеуді жүргізген адамның мекенжайы не жерлеуді жүргізген ұйымның атауы, БСН, мекенжайы.

Ал қайтыс болған адамды басқа туысының зиратына жақынырақ жерлеу үшін оның туыстық жақындығын растайтын құжат ұсыну керек.
Сондай-ақ, ереже жобасында туыссыз адамдарды жерлеу бюджет қаражаты есебінен жүргізілетіні жазылған.
Құжат жобасын талқылауға 4 сәуірге дейін уақыт берілген.

Айта кетейік 2020 жылы COVID-19 індеті кең тараған кезден бастап жерлеу рәсімін ұйымдастырушы компаниялардың жұмысы бірнеше есе табысқа артқан болатын. 2019 жылғы статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жерлеу кәсіпорындары орта есеппен айына 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін табыс тапқан. Бұл кәсіпорын табысының 20-30 пайызын құрайды.

Ал 2020 жылы бұл статистика 1,5-3 млн теңгеге дейін өскен. Сарапшылардың айтуынша 2022 жылдың мамыр айында Қазақстанда мұндай қызмет бағасы орташа есеппен жылына 13,1 пайызға өскен. Бұл ретте еліміздің бес өңірінде – Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында баға өзгерген жоқ. Басқа өңірлер арасында жерлеу қызметі бағасының ең жоғары өсімі Маңғыстау облысында (бірден 61,8 %) тіркелді, содан кейін Алматы мен Атырау облыстары (33,3%) тұр.

Ал, қазіргі уақытта жерлеу кәсіпорынының қызметін бірнеше айға бөліп төлеу арқылы несиеге рәсімдеуге болады.

Өзгелердің жаңалығы