Елордада маңғыстаулық ғалым шығармашылығы таныстырылды

29 Мамыр 2019, 17:12
3937
Бөлісу:
Елордада маңғыстаулық ғалым шығармашылығы таныстырылды
Фото: автордан

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Серікбол Қондыбай мұраларындағы арғы қазақ мифологиясы және Ұлы Дала өркениеті» атты II халықаралық ғылыми-теориялық конференцияны Маңғыстау облысының әкімдігі және Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымы ұйымдастырды. 

Серікбол Қоңдыбай - «Арғы қазақ (Дей-түркі) мифологиясының» негізін қалаушы, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар саласындағы демократиялық ой-толғаулар мен жаңа тұжырымдарды ұсынған мифолог-ғалым. 

Конференцияға қазақстандық ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Түркия, Ресей және АҚШ-тағы мифология, философия, тарих, этнология, археология, өркениет тану салаларының 200-ден астам ғалымдары мен музей зерттеушілері орталығының өкілдері арнайы шақырылған.
Конференция қатысушылардың бірі - АҚШ-тағы Висконсин-Мадисон университетінің профессоры және Назарбаев университеті түркітану және қазақ тілі кафедрасының жетекшісі Юлай Шамилоглу баяндама жасады. 

«Назарбаев университетінде «Қазақ мифологиясы» тағылымдама курсы жүргізіледі. Мұндағы дәріс Серікбол Қондыбай шығармаларының негізінде өтіп жатыр» - дейді ол. 

Еуразия ұлттық университетінің проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы тізгіні ұстаған шара барысы «Күнтекті қаһармен» деректі фильмі және «Балапан» телеарнасы дайындаған «Айдар» және «Қоңырқаз» анимациялық мультфильмдерінің көрсетілімінен басталды. Одан әрі Серікбол Қондыбай шығармалары бойынша маңғыстаулық дизайнер Тәрбие Айдынбаеваның «Мифтік кейіпкерлер шеруі» атты сән киімдері көрсетілімінің тұсаукесерімен жалғасты. 

Елордада маңғыстаулық ғалым шығармашылығы таныстырылды

«Мені қуантатыны Серікболдың шығармаларына ден қойған әлі де бізге белгілі емес жас ғалымдардың өсіп келе жатқандығы. Еуразия ұлттық университетінің базасында бар Серікбол ілімін әлемдік ғылыми айналымға енгізуге толық мүмкіндіктің барлығы. Ендігі жұмыстар оның қазақ мифологиясы туралы еңбектерінің шетел тілдеріне аударылып, ұлттар мен халықтар мәдениетін жақындастыру үшін кең тұрғыдан насихатталуы керек» - дейді конференцияға арнайы қатысқан Серікбол Қоңдыбайдың апасы Балсұлу Қондыбай.

Елордада маңғыстаулық ғалым шығармашылығы таныстырылды

Конференция аясында өткен қызу пікір-талас түрінде өткен отырысқа қатысушылар мифлогия ілімінің қазіргі таңдағы көкейкесті мәселелерін талдады. Жиын соңында II халықаралық ғылыми-теориялық конференция қорытындысы бойынша арнаулы құжат қабылданды.  

Өзгелердің жаңалығы