Елордада көрермен назарына «Алдар Көсе» мюзиклі ұсынылды

15 Желтоқсан 2022, 19:35
1560
Бөлісу:
Елордада көрермен назарына «Алдар Көсе» мюзиклі ұсынылды

Елордадағы «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы жас көрермендерге арнап, жаңа премьера – «Алдар Көсе» мюзиклін ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Балалар жылына орай «Аstana Muzical» мемлекеттік театры «Алдар Көсе» қойылымын мюзикл жанрында көрермендер назарына ұсынды. 

Ертегі тыңдап өскен біздің қазақ балалары үшін бұл қойылым бірден ұнады деуге болады. Себебі қойылым сюжетінде қазақ ертегілеріндегі фольклорлық кейіпкер Алдар Көсе туралы қызықты әрі заманауи көріністер бар. Осылайша барша түркі халықтарына танымал Алдар Көсе бейнесін арнайы балалар үшін мюзикл жанрында ұсынып отырғанымыз сол» – деп атап өтті баспасөз брифингінде «Қазақконцерт» директорының шығармашылық қызметбойынша орынбасары Серік Нұрмолдаев.

«Алдар Көсе» қойылымында Молдабайдың әні мен заманауи сегіз ән, төрт хор орындалды. Мюзикл сюжетінде қазақ халқының жарқын әрі тағылымды көрінісі туралы баяндалған. Басты кейіпкерге кедейлерді зұлымдық пен сараң байлардан қорғап жүру керек. Әрі шапшаң, әрі жүйрік Алдар Көсе үнемі қиын жағдайлардан шығып кетуге тырысады. Бұл жолы оқиға кейіпкеріне үлкен жауапкершілік жүктелді, өйткені халықты Тағай ханның әділетсіз билігінен аман алып қалуы тікелей өзіне байланысты. Ол барлық қиындықты жеңе ала ма, өткір ақылы мен ептілігіне бұл жолы сенім арта ала ма?.. Міне, дәл осындай қызыққа толы шытырман оқиғалар көрініс тапқан. 

«Балаларға арналған ертегіні музыкалық драманың тілімен, мюзикл жанрымен жеткіздік. Бұл мюзикалық қойылым жас көрермендер қызығып қарайтындай, жас бүлдіршіндердің талғамына сай тамаша тарту болды. Қойылымның сценарийі де жаңадан жазылды. Ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, мюзиклдің сахналық декорациясын да ерекше етіп жасадық» деді мюзиклдің қоюшы-режиссеры Есләм Нұртазин.

Айта кетейік, «Қазақконцерт» ұжымы Балалар жылына орай жыл басынан бері «Балалар филармониясы», «Жас киноман» жобалары мен «Арман асулары» республикалық фестивалі және т.б. бірқатар іс-шараларды ұйымдастырды.

Аталмыш қойылымды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстандағы және Орталық Азиядағы тұңғыш «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театрының әртістері сахналады. 

Өзгелердің жаңалығы