Елордада ХҚКО жұмысы тексерілді

3 Шілде 2019, 15:12
1569
Бөлісу:
Елордада ХҚКО жұмысы тексерілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ІІМ Бірінші орынбасары Марат Қожаев жүйеде жаңарту жұмыстары жүргізілгенін жеткізді, деп хабарлады ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев және ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Нұр-Сұлтан қаласындағы мамандандырылған ХҚКО-ның жұмысын тексерді.

Соңғы күндері бірқатар мамандандырылған ХҚКО-да ІІМ ақпараттық жүйелеріндегі техникалық жаңартуларға байланысты автокөлікті тіркеуге қою және көлік жүргізуші куәлігін рәсімдеу қызметтерін көрсетуде кідірістер байқалды.

 "Азаматтарға арналған үкімет" мемкорпорациясы басқармасының төрағасы Әсемгүл Балташева мамандандырылған ХҚКО-да үздіксіз қызмет көрсету процесін қамтамасыз ету үшін ІІМ-мен бірлесе жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі туралы министрді хабардар етті.

"Соңғы тәуліктерде ІІМ қызметкерлері сұраныстарды өңдеу жылдамдығын арттыру үшін өз жүйелеріне бірқатар техникалық өзгерістер енгізді. Азаматтарға арналған үкімет қызметкерлері де барлық қажетті көмекті көрсетуде. Қазіргі уақытта қызмет көрсету жылдамдығы артты"- деді Әсемгүл Балташева.

ҚР ІІМ Бірінші орынбасары Марат Қожаев өткен түнде жүйеде 6 жаңарту жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Сондай-ақ, өз бөлімшесіне бүгінгі күннің соңына дейін барлық ақауларды жоюды тапсырды.

Осымен бірге, Асқар Жұмағалиев бұл мәселені әлі де бақылауда ұстайтынын жеткізді. Мемлекеттік корпорацияға және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясына жағдайды толық реттеу үшін көмек көрсетуді жалғастыру қажеттігін айтты. Министр сондай-ақ, бүгін мамандандырылған ХҚКО-на соңғы клиентке қызмет көрсетілгенше жұмыс істеуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы