Елордада Кенен Әзірбаевтың 135 жылдығы тойланады

11 Қазан 2019, 22:51
1820
Бөлісу:
 Елордада Кенен Әзірбаевтың 135 жылдығы тойланады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 100-ден астам әндері, өлең-жырлары мен дастан - толғаулары ұлт қазынасына қосылған талант иесі – Кенен Әзірбаевтың 135 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, облыс әкімдіктерінің қолдауымен елордадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде өнер иесінің әндерінен кеш өтеді.

Бұл шара еліміздің 9 қаласында өткізіледі. Ізгі іс – шаралардың қорытындысы ретінде Қазақ Ұлттық өнер университеті халық ақыны, қазақтың әншілік-жыршылық өнерінің көрнекті өкілі, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері - Кенен Әзірбаевтың шығармашылығына арналған салтанатты концерт ұйымдастырады.

Халқының мұң-мұқтажын шығармасына арқау еркен ақын «Бұлбұлға» деген әнінде: «Қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр» деп сол кездегі патшалық саясаттың қарапайым халыққа көрсеткен қатігездігін дөп басып айтады. 1930-шы жылдардағы қазақ халқының басына қасірет болып келген ашаршылдықты да көзбен көрген. Күндей күркіреген Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде-ақ Алатаудың ақиық қыранындай саңқылдап, «Біздің Отан жеңеді!» деп жар салды.

Кенен Әзірбаев – бейбіт өмір мен жасампаз еңбекті жырлаған көптеген толғау, поэмалардың авторы. Шығармаларының негізгі өзегі: тұтас халықтың өмірі мен пенде ретіндегі әрбір жеке адамның арман-үміті. Ол – тыңдаушысының құлақ құрышын қандырған әнші, таңды-таңға ұрып эпикалық жыр-дастандарды жырлап, халықтың рухани ұйтқысы болған талант иесі.

Шығармашылық кешке ақынның ұрпақтары мен ҚР мемлекет және қоғам қайраткерлері, депутаттар, ғылым саласының өкілдері, өнер саласының майталмандары, шығармашыл зиялы қауым мен жастар өкілдері қатысады.

Өзгелердің жаңалығы