Елордада COVID-19 вакцинасының үш түрі қолжетімді

18 Тамыз 2021, 16:34
7337
Бөлісу:
Елордада COVID-19 вакцинасының үш түрі қолжетімді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада 100-ге жуық КВИ-ге қарсы егу пункті бар. Қала тұрғындары үшін вакцинаның үш түрі қолжетімді. Олар қазақстандық QazVac, қытайлық Sinopharm фармкомплексінің Vero Cell және ресейлік «Спутник V». 

Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Елордада бүгінде таңғы 8-ден кешкі 10-ға дейін жұмыс істейтін 100-ге жуық егу пункті бар. Халықты коронавирусқа қарсы егу қаланың алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелерінде, сондай-ақ сауда ойын-сауық орталықтарында және сауда үйлерінде жүргізіледі. 

Олардың қатарында «Mega Silk Way», «Keruen», «Хан Шатыр», «Абу Даби Плаза», «Азия Парк», «Сарыарқа», «Еуразия» сауда ойын-сауық орталықтары мен «Мечта» сауда үйі бар.

Азаматтар қолда бар үш вакцинаның бірін таңдай алады. Егу пункттеріндегі барлық вакциналар жеткілікті мөлшерде бар.

Сонымен қатар елордалық денсаулық сақтау басқармасы азаматтарға екінші компонентті алуда проблемалық жағдайларды болдырмас үшін екпенің екі кезеңін де бір пункте өтуге кеңес берді.

Біз азаматтардан вакцинаның бірінші және екінші компонентін бір пункте алуды сұраймыз. Мысалы, бірінші дозаны алу үшін сіз белгілі бір емханаға немесе сауда орталығына барсаңыз, екінші дозаны да вакцинация арасындағы аралықты сақтай отырып, сол жерден алуды ұсынамыз, - делінген қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Айта кетейік, бүгінде Нұр-Сұлтанда коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 381 мыңнан астам адам алды, ал 300 мыңнан астам азамат толық иммундаудан өтті.

Өзгелердің жаңалығы