Елордада "Еуразия астаналарының қаламгерлері" форумы өтеді

3 Шілде 2019, 20:09
2171
Бөлісу:
Елордада "Еуразия астаналарының қаламгерлері" форумы өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы және «Алтын Қазына» қоғамдық бірлестігі ҚР Ұлттық музейінде қала күніне орай «Еуразия астаналарының қаламгерлері» халықаралық форумын өткізеді.

Әлем астаналарының қаламгерлері қатысатын Форумның мақсаты Еуразия жазушыларының шығармаларын насихаттау, халықтар арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайтып, бірыңғай әдеби кеңістік қалыптастыру. 

Форумға 20-дан астам мемлекеттің ақын-жазушылары арнайы шақырылып отыр. Олардың арасында халықаралық «Экиваленсиас» журналының бас редакторы, Испания Pen-клубының бас хатшысы, Неаполитан академияларының корреспондент-мүшесі – Jorge Padron Justo Angel, Ресей жазушылар одағы басқармасының хатшысы – Гаврил Андросов және тағы басқа танымал тұлғалар бар.

Сондай-ақ форумға ақындар, Қазақстанның халық жазушылары, қоғам қайраткерлері, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің майталмандары, зерттеуші ғалымдар, сыншылар, қоғам қайраткерлері қатысады.

Форумның негізгі тақырыбы – «Әлемдік әдебиет: стереотиптен арылу». Әлем әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық, авторлық құқық пен кітап бизнесі мәселелері аясында дөңгелек үстел, шығармашылық кездесу, көрме ұйымдастырылады. Форум Халықаралық меморандумға қол қою және келісім жұмыстарымен түйінделеді.

Өзгелердің жаңалығы