Елордада ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған тігін цехы жұмыс істеп тұр

24 Қаңтар 2022, 20:53
2376
Бөлісу:
Елордада ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған тігін цехы жұмыс істеп тұр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада ерекше тігін цехы ашылды. Ерекшелігі сол, ондағы қызметкерлер – мүгедек жандар. Олар тапсырыс бойынша киім-кешек, арнайы және спорт киімін, басқа да көптеген дүниелерді тігеді. Тігін цехының иесі Аягөз Шнейдер де – ерекше жан. Астаналық кәсіпкер жеке бизнес ашу және оған тек қана мүгедек жандарды жұмысқа алуының мән-жайын айтып берді. 

Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Өзім елорданың (бұрынғы Ақмола) тумасымын. Негізі сау адам болып туып, біраз жылдар лауазымды қызмет атқардым. Соның бірі – «Меломан» желісінде еңбек еткен кезімде бізге жұмысқа ерекше адамдарды ала бастады. Сол жерде жұмыс істеп жүріп мүгедектерді жақынырақ танып, біле бастадым. Байқағаным, олар жұмысқа өте жауапты. Араға уақыт салып тағдырдың жазуымен мүгедек болып қалдым. Жолдасымнан айрылдым, салдарынан инсульт алып, омыртқама ота жасалды. Өмірімнің қиын кезеңі басталды. Өзім мүгедекпін, жолдасым жоқ, 6 балам бар, оларды асырау керек. Содан жұмыс іздей бастадым. Жалпы мен құр қол отыра алмайтын адаммын. 6 бала босандым, бірақ ешқашан бала күтімі демалысына шығып көрмеппін, – деді Аягөз Шнейдер.

Аяқ астынан мүгедек болған кейіпкеріміз бала-шағасын асырау үшін жұмыс іздейді. Бірақ түрлі кедергілерге тап болады.

Жұмыс іздеп барған жердің көбінде жағдайымды көріп, сөзге келместен «кешіріңіз» деп шығарып салатын. Айтатыны – «иә, жоғары біліміңіз бен жұмыс өтіліңіз бар, бірақ сізді жұмысқа ала алмаймыз». Сөйтіп жүргенде пандемия басталды. Қала әкімдігінің қолдауымен «Атамекен» ҰКП «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті меңгердім. Өздеріңіз білетіндей, пандемия алғашқы сатысында маска проблемасы туындады. Содан үйде отырып, балаларыммен бірге маска тігіп, сата бастадым. Күніне 500-600 маска тігіп шығардық. Кейін қала әкімімен кездесіп, маған тұрақты жұмыс керектігін айттым. Ондағылар маған маска тігеді екенсіз, мүмкін тігін цехын ашасыз деген идея тастады. Сөйтіп әкімдіктің қолдауымен, демеушіліктің арқасында «Jibek» атты тігін цехымды аштым. Қазір тігін цехы ғимаратын жалдап отырмын, - дейді ол.
Сондай-ақ, кәсіпкер шағын бизнесті қолға алғанда жұмысқа тек ерекше жандарды аламын деген мақсат қойған.

Тігін цехын өткен жылдың маусым айында ашыпты, қазір онда 9 мүгедек жан еңбек етіп жүр.

Жұмысқа неге мүгедек жандарды алуды ұйғардым? Біріншіден, оларға жұмыс табу қиын. Өз басымнан өтті. Екіншіден, мүгедек жандар өз ортасында өзін еркін сезінеді. Жұмыста өзара араласып, қауқылдасады, - деді А. Шнейдер.

Астаналық ерекше жандар киім-кешек, эко-сөмке, той-томалақ жабдықтары, тағы сол сияқты көптеген керекті дүниелерді тігеді. Осы заттарға тапсырыс қабылдайды.

Қызметімізді Instagram, Facebook парақшамыз арқылы жарнама жасаймыз. Тапсырыстар әлеуметтік желі арқылы келіп жатады. Киім тігеміз, оның ішінде сырт киім, әйел көйлектері, арнайы және спорт киімдері бар. Одан бөлек, қыз ұзату жабдықтарын да әзірлейміз. Сосын бізде жұмыста сенің міндетің, менің міндетім деген түсінік жоқ. Бәріміз бір үйдің баласындай ұйымшылдықпен әрекет етеміз. Бір-бірімізге көмектесеміз. Мысалы, шұғыл тапсырыс түссе басқа істі қоя тұрып, тапсырысты тез орындап беруге кірісеміз, - дейді кәсіп иесі.

Одан бөлек, Аягөз Шнейдер алдағы уақытта тігін тігіп, өз ісін ашуға ниетті жандарды оқытып, үйреткісі келеді.

Аталған тігін цехындағы ерекше жандардың бірі – 60 жастағы Иван Бурец. Ол жүргізуші. Және бос уақытында цех шаруасына қол ұшын созады.

Бала күнімнен ІІ топтағы мүгедекпін. Бұған дейін біраз жылдар техникалық құралдарды жөндеу механигі болып жұмыс істедім. Оның ішінде теледидар, радио, телефон және тағы басқа. Уақыт өте келе көру қабілетім сыр беріп, ол істі тоқтатуыма тура келді. Тігін цехына күтпеген жерден жұмысқа орналастым. Менің ағайынды бауырымның есту қабілеті бұзылған, соған жұмыс іздеп жүргенбіз. Нәтижесінде екеуміз де осы цехқа өткен жылдың қыркүйегінен бастап жұмысқа кірдік. Мен жүргізушімін, жұмысшыларды үйінен алып келіп, қайта апарамын. Қалған уақытта ішкі ұсақ-түйек шаруалармен айналысамын, кейде мен де тігемін, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы