Елордада ер адам кіреберістегі бейнебақылау камераларын бұрып тастаған

6 Наурыз 2024, 21:40
452
Бөлісу:
Елордада ер адам кіреберістегі бейнебақылау камераларын бұрып тастаған
Фото: Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты

Астанада ер адам кіреберістегі бейнебақылау камераларын басқа жаққа бұрып тастағаны үшін бес тәулікке қамауға алынды. Оның бұл әрекетіне көршілері шағымданған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астана Полиция департаментінің мәліметі бойынша, Сарыарқа ауданының учаскелік полициясы оқиға орына барып, 33 жастағы құқық бұзушыны анықтады. Ол өз әрекетін қызық көру мақсатында жасағанын айтып ақталды.

Оған қатысты ӘҚБ туралы ҒЗК 434-бабы (ұсақ бұзақылық) белгілері бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Мәселен, Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны 5 тәулік мерзімге қамауға алу түрінде жаза қолдану арқылы жауапқа тартты. Ол жазасын Астана қаласының әкімшілік ұсталғандарға арналған арнайы қабылдағышта өтейтін болады.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар, пікір көшбасшылары, қала тұрғындары қолдаған «Тоқта, вандал» акциясы өтіп жатыр.

Акция аясында қалада күндіз және түнде рейдтер өткізіледі, тұрғындар арасында қоғамдық тәртіпті сақтау және қала мүлкіне ұқыпты қарау қажеттілігі туралы түсіндіру жүргізіледі.

Өзгелердің жаңалығы