Елордада Елбасыға арналған кітаптың тұсаукесері өтті

25 Шілде 2019, 22:25
1959
Бөлісу:
Елордада Елбасыға арналған кітаптың тұсаукесері өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан халқы Ассамблеясы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Елбасы және халқы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізді. Бұл туралы Елорда инфо сайты жазды.  

Жинақта Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудың бастамашысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1995-2019 жылдардағы сессияларда сөйлеген сөздері топтастырылған. Қоғамдық-саяси басылымға Елбасының жеке архивінен алынған және кітапхана қорында сақталған құнды суреттер мен құжаттар енген.

Кітап Қазақ еліндегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің авторы – Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы кемеңгер саясаткер, дара тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналады. Елбасы және Халқы – Тәуелсіз Қазақстанның біртұтас ұғымы ретінде қарастырылған.

Сондай-ақ саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісімнің қазақстандық үлгісінің авторы Н.Назарбаев туралы жарық көрген мақалалар мен этно-мәдени бірлестік өкілдерінің Елбасына жолдаған жүрекжарды лебіздері көрініс тапқан.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары К.Ақтаева, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚХА мүшелері, этно-мәдени бірлестіктерінің өкілдері, БАҚ басшылары, ҚХА жастар қанаты және басқа да қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Өзгелердің жаңалығы