Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan партиясының Нұр-Сұлтан қаласы филиалында «Еркін пікір» іс-шарасы ұйымдастырылып, онда ел астанасындағы қоғамдық көліктердің проблемасы талқыланды. Бұл туралы Елорда инфо сайтында хабарланды.
Жиын барысында «Астана LRT» ЖШС төрағасының орынбасары Бауыржан Сейітов елордадағы қоғамдық көліктердің төңірегінде болып жатқан проблемалардың жүйелі шешіліп жатқанын мәлім етті. Ол онлайн төлем жолдарының артықшылығын, Astra карталарды толтыру арнайы аппараттар арқылы ғана емес, банк қосымшасы арқылы телефонмен де іске асыруға болатынын түсіндіріп өтті.Жиналғандар «Астана LRT» ЖШС төрағасының орынбасарына ойларында жүрген сауалдарын қойды. Кездесуде сөз алған Байқоңыр ауданы Ардагерлер ұйымының төрағасы Сәрсембай Мыңбаев мәселені жіпке тізгендей етіп жеткізді.
«Қаладағы автобустардың интервалы тым ұзақ. Мәселен, «Өндіріс» тұрғын алабын алайық. Бұл жерде 35-40 мың адам тұрады. Бір қиындығы бұл жаққа баратын автобус санаулы. Жұртшылық көбіне №24 бағыттағы автобуспен қатынайды. Ал таңғы уақытта оның ішіне кірудің өзі мұң. Тұрғындардың кейбірі бірнеше автобусты өткізіп барып мінетіне шағымданып жатады. Бұдан бөлек, жүргізушілер аялдамаға алыстау тоқтайды. Бұл әсіресе мүгедек жандар мен сәбиі бар аналардың арбасымен кіріп-шығуына қиындық тудырады. Сондай-ақ, әр мектептің маңайына жылы аялдамалар орнату қажет», - деді Сәрсембай Мыңбаев.
Оған Бауыржан Сейітов астанада автобустың ғана емес, жүргізушілер санының аздығын да қозғап өтті.
«Қазір жүргізушілердің жол ережесін сақтауына қатты мән беріп отырмыз. Бірақ оларды тәртіп бұзған сайын бірден жұмыстан шығарып жібере алмаймыз. Себебі жүргізушілер онсызда аз. Егер біреуін жұмыстан шығарып жіберсек, ертеңінде ол автобус тоқтап қалады. Ал екінші мәселеге келер болсақ, астана бойынша 1100 аялдама болса, оның 730-ында павильон бар. Ал қала бойынша 100 жылы аялдама орнатылған. Жыл соңына дейін тағы 30 жабық аялдама орнатуды жоспарлап отырмыз. Қазір осы бағытта инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр», - деп жауап қатты «Астана LRT» ЖШС төрағасының орынбасары.
Жиында сөз алған Алмас есімді кәсіпкер таңғы және кешкі кептеліс уақытында болатын проблеманы сөз етті.
«Мәселен, №46 бағыттағы автобус «Анвар» сауда орнынан «Asia park» СОО-ға дейін 40 минут жүреді. Түптеп келгенде қаланың екінші басына баратын жұрт екі жарым сағат кептелісте тұрып барып үйіне жетуге мәжбүр. Сырттағы кептеліс өз алдына, іштегі көріністі көрсеңіздер. Жұрт сығылысып тұрғанда аяғыңды аттап баса алмайсың. Сол себепті де қазір велосипедпен жүргенді жөн көремін. Бірақ қазір күн салқындады. Сондықтан өз тарапымнан Алматы ауданындағы тәжірибені қолдана отырып, Тұран даңғылы мен Керей, Жәнібек хандар көшесін бір бағытты етсе екен деген ұсынысым бар. Сонда кептеліс те азаяр еді», - дейді кәсіпкер.
Ал «Астана LRT» қызметкері бір бағытты көшелердің мәселесі қазір талқыланып жатқанын айтты.
«Бір бағытты жүйеге басқа көшелерді ауыстыруды жөн көріп отырмыз. Олар – Қонаев, Достық, Ақмешіт Түркістан көшелері. Әзірге бұл жөнінде нақты шешім қабылданған жоқ. Бірақ Керей, Жәнібек хандар көшесін қарастырып көреміз. Ал №46 бағыттағы автобус расымен қаланың жұртшылық көп қатынайтын тұстарымен жүреді. Дегенмен жоспарланған 22 қоғамдық көліктің 20-21-і жолаушыларға күнделікті қызмет көрсетеді. Бір айтарым, қала әкімі іске қосқан «Акселератор» жобасы екі аптадан бері жұмыс істеп келеді. Міне, осы жобада қаланың белсенді тұрғындары өзекті мәселелерді талқылап тұрады. Сізді осы жобаға шақыра отырып, сол жерде шешім жолдарын қарастыруды ұсынамын», - деп түсіндірді Бауыржан Сейітов.
Бұдан бөлек, «Астана LRT» өкілі кептеліс мәселесін Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғындардың жұмысқа бір уақытта барып, бір мезетте шығатынымен байланыстырды.
Сөз соңында ол «Астана LRT» ЖШС осы жылдың 3 және 4 тоқсанында бөлінген 8 проблемалы бағыт бойынша қысқа маршруттар енгізілетінін айтып өтті. Оның арасында Сәрсембай Мыңбаев айтып өткен №24 бағыттағы көлік те бар. Яғни, қысқа маршрутты қоғамдық көліктер қарбалас уақыттарда проблемалы тұстарда қызмет көрсетеді. Бұл өз кезегінде адам толы автобустардың мәселесін шешуге септігін тигізбек.