Елордада жаһандық ауқымдағы маңызды іс-шара – Астана Халықаралық форумы (AIF) өтеді. Форум 29-30 мамыр күндеріне жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Экономика министрлігінің мәліметінше, бұл форум халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, жаһандық сын-қатерлер жағдайында мемлекеттер арасындағы диалог пен дипломатияны дамытуға бағытталған.
Форумның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйлейді.
Форум аясында 39 панельдік сессия өткізу жоспарланған. Оның ішінде 10 эксклюзивті сессия жоғары деңгейдегі қонақтар мен әлемдік көшбасшылардың қатысуымен өтеді.
Форум бағдарламасы үш негізгі бағыт бойынша өтеді:
- Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік
- Энергетика және климаттың өзгеруі
- Экономика және қаржы
AIF – жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша терең пікір алмасу алаңы болмақ. Сарапшылар мен саясаткерлер, ірі бизнес өкілдері мен үкімет басшылары мұнда бірлесіп шешім қабылдау жолдарын қарастырады.