Елордада 23 жыл ішінде қандай мәдени нысандар мен ескерткіштер ашылды

3 Шілде 2021, 14:20
3321
Бөлісу:
Елордада 23 жыл ішінде қандай мәдени нысандар мен ескерткіштер ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осыдан 23 жыл бұрын, яғни 1998 жылы жаңадан құрылған елордада 32 мәдени нысан бар еді. 

Бүгінге дейін мәдени нысандар саны 2 еседен аса өсті. Елорда идеяларды жүзеге асыратын нағыз мәдени орталыққа айналды.

Елордада мәдениет саласындағы қарқынды даму ел тәуелсіздігін алған сәттен басталды.

Қазіргі Нұр-Сұлтанның қалыптасуының бастапқы кезеңінде мұнда екі облыстық театр (Қазақ, Орыс), үш облыстық мұражай (Бейнелеу өнері мұражайы, С.Сейфуллин мұражайы, Тарихи-өлкетану мұражайы), бір кинотеатр (Октябрь), мәдениет және демалыс саябағы, үш мәдениет сарайы, облыстық киновидеоларды жалға беру, филармония, 19 қалалық және бір облыстық кітапхана (С. Сейфуллин атындағы) жұмыс істеді. Осылайша қалада бас-аяғы 32 мәдениет нысаны болатын.

Жас қаламызда жыл сайын жаңа мәдениет нысандары ашылып, шығармашылық ұжымдар, фестивальдер құрылды. Олардың көбісі бүгінге дейін түрлі халықаралық байқауларда жүлделі орындар алды.

1997 жылы ел астанасының мемлекеттік филармониясы құрылды, оның негізінде алғашқы кәсіби ұжым – Қазақ халық аспаптар оркестрі құрылды.

1998 жылғы 10 маусымда Қазақстанның жаңа астанасының тұсаукесері өтті. Бір айдан кейін «Астана» бірінші халықаралық авторлық әндер фестивалі, ал қазан айында «Шабыт» бірінші халықаралық шығармашыл жастар фестивалі өтті. Осы айтулы мәдени іс-шаралар әлі күнге дейін көптеген таланттарды жинап, олардың шығармашылық жолына септігін тигізіп келеді.

Елордада 23 жыл ішінде қандай мәдени нысандар мен ескерткіштер ашылды

2000 жыл еліміздің Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Мәдениетті қолдау жылы болып жарияланды. Дәл сол кезде елордада К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры ашылды. Оның жанынан симфониялық оркестр, хор, балет труппасы құрылды.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы орналасқан ҚР Президенттік мәдениет орталығының ашылуы жылдың жарқын оқиғасы болды. Сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция құрылды.

2001 жылдың 8 қыркүйегінде «Атамекен» Қазақстан Картасы кешенінің ашылуымен есте қалды, мұнда еліміздің барлық қалалары мен өңірлерінің басты көрікті жерлерін көруге болады. 2001 жылы Астана алғаш рет X Республикалық «Жас қанат» эстрадалық әндер фестивалінің иесі атанды.

Бір жылдан кейін елордада ең бірегей және айтулы нысандардың бірі – «Бәйтерек» монументі өз есігін айқара ашты.

Елордада 23 жыл ішінде қандай мәдени нысандар мен ескерткіштер ашылды

2003 жылы Интернациональный, Мичурино, Пригородный сияқты тұрғын алаптарында кітапханалар белсенді түрде ашыла бастады. Ал Көктал шағын ауданында Мәдениет үйі қалпына келтірілді, қазір мұнда «Наз» мемлекеттік би театры жұмыс істейді.

2004 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы құрылды.

Бір жылдан кейін «Астананың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2000 орындық астаналық цирктің құрылысы аяқталды. Ал 2006 жылы елордада Бейбітшілік және келісім сарайы салынды.

2007 жыл жаңа шығармашылық ұжымдардың құрылуымен есте қалды: «Наз» мемлекеттік халық би театры, «Шалқыма» халық би ансамблі, Жас көрермендер театры.

Елорданың он жылдығында, яғни 2008 жылы «Қазақ елі» монументі мен Тәуелсіздік сарайы салтанатты түрде ашылды. Сонымен қатар, халқымыздың көрнекті тұлғалары – Әлия Молдағұловаға, Жамбыл Жабаевқа, Бауыржан Момышұлына арналған үш ескерткішпен толықты.

2009 жылдың соңында 3 500 көрерменге арналған бірегей және ең ірі «Қазақстан» орталық концерт залы ашылды.

2010 жылдың желтоқсаны елорда үшін айтулы оқиғаларға толы болды. Дәл сол кезде қалада ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің саммиті өтті.

Елордада 23 жыл ішінде қандай мәдени нысандар мен ескерткіштер ашылды

Қазақстан 2011 жылы елордада VII Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылуында халықаралық қоғамдастық назарын өзіне аудартты. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу жылы қалада «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы ашылды.

Бір жылдан кейін ел астанасында Ресейдің Халық әртісі Денис Мацуевтің қамқорлығымен «Accordi di Astana» бірінші халықаралық классикалық музыка байқауы таныстырылды.

2013 жылғы 2 шілде – Қазақстанның Ұлттық мұражайын ашу туралы Қаулыға қол қойылған күн.

2015 жылдың мамыр айында елордада Кеңес Одағының батыры, әскери жетекші Иван Панфилов ескерткіші салтанатты түрде ашылды. 2016 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның жүрегінде барлық параметрлер бойынша бірегей оқу орны – Қазақ ұлттық хореография академиясы есігін айқара ашты. Бір айдан кейін Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевқа ескерткіш орнатылды.

2017 жылы Есіл өзенінің жағасында амфитеатрдың, сондай-ақ «Астана-ЭКСПО» кешенінің салтанатты ашылуы өтті: Нұр-Әлем сферасы, Конгресс-орталық және Энергия Холы.

Бір жылдан кейін елордада Комедия театры ашылды, ол бүгінде көрнекті қазақстандық режиссер Әзербайжан Мәмбетовтің есімімен аталады («Nomad City Hall» МКҚК).

2020 жыл қаланың мәдени өмірінде Музыкалық жас көрермен театрының ашылуымен және Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының жаңа ғимаратының салынуымен есте қалды.

Осы жылдың мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновтің ескерткіші ашылды.

Бүгінде елордада 66 мәдениет мекемесі жұмыс істейді. Оның ішінде 7 сарай (концерт залы), 5 музей, 9 театр, 20 кітапхана, 1 цирк, 8 кинотеатр, 4 жеке Көркемөнер галереясы, 2 концерттік ұйым, 8 мәдениет және демалыс саябағы бар.

 



Өзгелердің жаңалығы