«Елорда кубогі» турнирінің жеңімпаздары анықталды

5 Шілде 2022, 16:37
2261
Бөлісу:
«Елорда кубогі» турнирінің жеңімпаздары анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада бокстан «Елорда кубогі» халықаралық турнирі мәресіне жетті. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ерлер арасында 13 салмақ, әйелдер арасында 12 салмақ дәрежесінде жеңімпаздар анықталды.

Астана төріне 10 елден барлығы 250-ден астам былғары қолғап шебері жиналды. Солардың арасынан финалға 50 боксшы шықты, 23-і қазақстандықтар. Сонымен қатар, ақтық айқасқа жолдама алғандардың ішінде Әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және Олимпиада ойындарының қатысушылары да көп еді.

Айта кетейік, кейбір салмақ дәрежелерінде үздіктер қазақстандық финалдарда анықталды. Мәселен, 60, 63.5, 67 және 92 келі салмақ дәрежелерінде көрермен қазақстандық финалдарды тамашалады. Ал әйелдер арасында қытайлықтар үстемдік танытып, 60 және 81 келі салмақтарда Аспан асты елдің өкілдері «өз финалдарын» өткізді. 

«Елорда кубогі» турнирінің жеңімпаздары анықталды

Сонымен, Теміртас Жүсіпов, Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Серік Теміржанов, Асланбек Шымбергенов, Жайна Шекербекова, Карина Ибрагимова және Валентина Хальзовалар Қазақстанның ғана емес, әлемнің де үздіктері екендіктерін кезекті рет дәлелдеді. Соның ішінде ерлер құрамасындағы капитанымыз Асланбек Шымбергенов 67 келідегі әлем чемпионы жапон Севон Оказаваны жеңді. Бас бапкерлер Қайрат Сәтжанов пен Шәміл Сафиуллиннің басқа боксшылары да керемет жекпе-жектерін көрсетті.

Жалпы айтар болсақ, Қазақстан құрамасы бұл турнирде 16 алтын, 7 күміс, 20 қола, яғни барлығы 43 медаль жеңіп алды.
Командалық рейтингте екінші орынға 3 алтын, 7 күміс, 2 қоламен Қытай құрамасы орналасты. Ал үздік үштікті түйіндеген Өзбекстан құрамасында 2 алтын, 5 күміс, 8 қола медаль бар.

«Елорда кубогі» турнирінің жеңімпаздары анықталды

Ал жекелей номинацияда турнирдің үздік боксшысы атағын ерлер арасында Сәкен Бибосынов жеңіп алса, әйелдер арасында қытайлық Янг Венлу үздік танылды. Сондай-ақ, үздік рефери атағы қырғызстандық Әбдімәлік Айтиевке бұйырса, үздік төреші номинациясы өзбекстандық маман Әлішер Палвановқа табысталды.

«Елорда кубогі» халықаралық турнирі 29 маусымнан 4 шілдеге дейін жалғасты. Тұңғыш рет ұйымдастырылғанына қарамастан, төрткіл дүниенің кіл мықтылары жиналғандықтар, турнирге қатысушылар бұл доданы «Кіші Әлем чемпионаты» атап кетті. 

«Елорда кубогі» турнирінің жеңімпаздары анықталды

Айта кетсек, сайыстың финалын ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев пен Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев тамашалады. Олар әлем чемпионы Теміртас Жүсіповты марапаттау салтанатына қатысты.

Өзгелердің жаңалығы