Елорда көк түтіннен күзде құтылады – министр

5 Қаңтар 2021, 16:22
1232
Бөлісу:
Елорда көк түтіннен күзде құтылады – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев келесі жылыту маусымына дейін (2021 жылдың күзі) Нұр-Сұлтанда ауаның тазаратынына үміттенетінін айтты.  

Министрдің айтуынша, бұл үшін қалада барлық қажетті дайындық жұмыстары жүргізілген.

Түтіннен құтылуға болады. Мен бұған сенімдімін. Барлық қажетті дайындық жұмыстары қазірдің өзінде жасалынған, - дейді ол ОКҚ-да өткен онлайн брифингте.

Экология министрі Нұр-Сұлтанда бірнеше жүз үйге газ жеткізілгенін атап өтті.  Алайда, оның айтуынша, кейбір астаналықтар үйлеріне газ қосып, көмірді пайдалануды тоқтатуға дайын емес.

Бүгінгі күні 300-ге жуық үй газға қосылды. Ал 1000 үй техникалық шарт алды, тағы мыңға жуығы өтінім берді. Бірақ объективті түрде айта кететін жайт, көптеген тұрғын көмір сатып алып қойған, сондықтан газға көшуге онша құлық танытпайды. Олар газ қосуға дайын болғанымен, алдымен көмірлерін жағып бітіріп тастағылары келеді, - деді министр.

Ол елордадағы ЖЭО-ны газдандыру туралы айта келе, төрт қазандық қазірдің өзінде газға көшірілгенін, ал қалған қазандықтар 2021 жылы ауыстырылатынын атап өтті.

Осы қаланың тұрғыны ретінде, келесі жылыту маусымына дейін бізде ауа таза болады деп үміттенемін, - дейді  Мағзұм Мырзағалиев.

Өзгелердің жаңалығы