Елорда атауының өзгертілуін Қазақстан азаматтарының саяси өмірге тікелей қатысуы тұрғысынан қарау керек. Қоғамдық талқылауда қала атауын өзгертуге қатысты пікірлер екі топқа бөлініп, «қолдайтындар» және «қолдамайтындар» болып ажырады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ аға ғылыми қызметкері Гүлназ Қасымова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қаланың бұрынғы атауын қайтаруды қолдағандар арасында онлайн петиция басталды. Бүгінгі таңда петицияға 200 мыңнан астам қол жиналды. Азаматтық қоғамның дамуы тұрғысынан нақты қоғамдық сұраныс қалыптасты. Азаматтық қоғам өзекті мәселелерді көтеріп, азаматтық позициясын білдіру үшін жаңа форматтар мен платформаларды көбірек пайдаланып келе жатқанын айта кеткен жөн, - деді Гүлназ Қасымова.
Егер бұрын тікелей материалдық немесе мансаптық пайда әкелмейтін қоғамдық қатысу халық тарапынан қалаулы әлеуметтік әрекет ретінде қарастырылмаса, бүгінгі таңда халықтың саяси өмірге тікелей қатысуға мүдделілігі байқалады.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың әлеуметтанулық зерттеулерінің нәтижелеріне сәйкес қазақстандықтардың 42,2%-ы мемлекеттік органдар шешім қабылдау кезінде халықтың сұранысы мен талаптарын ескеруі керек деп есептейді. Яғни елорда атауын өзгертудің тағы бір оң нәтижесі – қоғамдық сұраныстар мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалмайтын халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының жүзеге асырылуы. Онлайн-платформалардан басқа, азаматтардың шешім қабылдау процесіне тікелей қатысу мүмкіндігі үшін Ашық НҚА, Қоғамдық кеңестер сияқты алаңдар ашылды. Азаматтардың саяси өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейткен жағдайда қабылданатын шешімдердің сапасы артады. Өзекті мәселелерге назар аудару – өз кезегінде халықтың саяси институттарға деген сенім деңгейін арттырады, - деді ол.