Елімізге сапасыз вакциналар әкелінбейді – маман

11 Сәуір 2019, 13:33
2513
Бөлісу:
Елімізге сапасыз вакциналар әкелінбейді – маман
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы өзінің  Сынақ орталығы мен зертханасына пресс-тур өткізіп, зертханаларда вакциналардың қауіпсіздік талаптарына сай тексерілу жұмыстарымен таныстырды.

Сынақ орталығының бас директоры міндетін атқарушы Арнұр Нұртаевтың айтуынша, қоғамда қазір вакцинаның сапасына, қауіпсіздігіне қатысты сенімсіздік туындауда. 

Елімізге сапасыз вакциналар әкелінбейді – маман

“Қазір елімізде вакцинаның сапасы нашар, балаларды өлтіріп жатыр деген сыңайда алыпқашпа әңгіме тарауда. Дегенмен, алаңдауға еш негіз жоқ. Өйткені біздің сараптама орталығы вакциналардың, жалпы дәрі-дәрмектің барлығын талаптарға сай сынақтан өткізіп отыр”, - дейді А. Нұртаев.

Жиын барысында БАҚ өкілдеріне микробиологиялық, физика-химиялық және биологиялық зертханалардағы сынақ жұмыстарының қалай жүргізілетіні көрсетілді.

Биологиялық зертхананың бас маманы Үзипа Туғанбаеваның айтуынша, Қазақстан аумағына келіп түскен вакциналар жан-жақты сараптамадан өтеді, содан кейін ғана нарыққа жіберіледі.

Елімізге сапасыз вакциналар әкелінбейді – маман

“Елімізге келген вакциналар алдымен мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Аналитикалық сараптамадан өту кезінде вакциналардың құрамы және төлқұжатына сәйкестігі тексеріледі. Осы кезде олардың сапасы, сипаттамасы, түр-түсі анықталады. Жалпы елімізде 7 мыңға жуық дәрі-дәрмек тіркелген. Сондай-ақ 58  вакцинаны қолданып отырмыз. Вакцина бізге келмей тұрып өндіруші елде де өте күрделі тексерістерден өтеді. Сапасыз вакцина әкелінбейді, тек оны жеткізу кезінде температуралық режимнің бұзылуы ғана әсер етуі мүмкін. Дегенмен ондай жағдай болған емес”, - дейді маман.

Мамандардың айтуынша, бұл сынақ орталығында дәрі-дәрмекке сараптама жасайтын мыңға жуық жабдық бар. Сараптамалық жұмыстың барлығы халықаралық талаптарға сай жүргізіледі.

Өзгелердің жаңалығы