Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов VIII шақырылымдағы Парламенттің жұмысына оң баға берді. Оның айтуынша, заң шығарушы орган алдына қойылған негізгі міндеттерді орындады. Бұл туралы депутат Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында журналистерге айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аймағамбетовтің сөзінше, Парламент қызметіне соңғы бағасын халық береді. Дегенмен депутат ретінде өз пікірін ашық айту қажет деп санайды.
Менің ойымша, Парламент өзіне жүктелген миссияны жалпы тиімді атқара білді. Әрине, бағаны беретін біз емес, оны халық береді. Бірақ тек қана "бағаны халық береді" деп мұндай сұрақтардан қаша берген де дұрыс емес деп ойлаймын. Мен өз пікірімді айтып отырмын. Әрине, әттеген-ай дейтін тұстары да бар. Әлі де шешімін талап ететін мәселелер жеткілікті, – деді ол.
Оның айтуынша, елімізде баға өсімі, кәсіпкерлікті қолдау, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік саладағы мәселелер күн тәртібінен түскен жоқ.
Ауылға барсаң да, қалаға барсаң да баға мәселесі бар. Бизнестің мәселесі бар. Денсаулық сақтау саласында да, білім беру саласында да, әлеуметтік бағытта да шешімін талап ететін сұрақтар жеткілікті. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ Парламенттің алдында тұрған мақсаттар мен атқарылған жұмыстарды сараласақ, өзіне жүктелген міндетті орындады деп есептеймін, – деді депутат.
Журналистер Ұлттық құрылтайдың рөлі туралы да сұрады. Асхат Аймағамбетов жаңа Конституция елдің ұзақмерзімді дамуына мүмкіндік беретін маңызды құжат екенін айтты.
Қазір Құрылтайдың құзыреті кеңейді. Сондықтан оның барлық мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Жалпы жаңа Конституция алдымызда тұрған мақсаттарға жетуге өте жақсы жол ашып отыр. Бұл – болашаққа бағдарланған Конституция. Жасанды интеллект заманында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік беретін құжат. Сондықтан оның еліміздің болашағы үшін маңызы өте зор, – деді ол.
Депутаттан алдағы саяси жоспары, сайлауға қатысуы жөнінде де сұралды. Аймағамбетов нақты шешім туралы айтпай, қай салада болса да мемлекетке қызмет етуді жалғастыратынын жеткізді.
Бұл сұрақты маған жүздеген рет қойды. Біз елімізге қызмет етуді әрі қарай да жалғастырамыз. Әділетті Қазақстанды құру, халқымыздың әл-ауқатын арттыру жолындағы жұмысымыз жалғаса береді. Ол үшін міндетті түрде депутат болудың қажеті жоқ. Мұғалім де, дәрігер де болып, тіпті өз балаңды дұрыс тәрбиелеудің өзі – елге қызмет ету, – деді Мәжіліс депутаты.
Асхат Аймағамбетов Парламентте жұмыс істеген жылдары да өзінің негізгі мамандығынан қол үзбегенін айтты.
Парламентте жүрген уақытта университетте де сабақ бердім, мектепте де жұмыс істедім. Жастармен жұмыс істеу мен үшін ерекше сезім. Тоғызыншы сынып оқушысынан бастап магистранттарға дейін әрқайсысы – бөлек әлем. Мен олардан өзім де көп нәрсе үйренемін. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысымды тоқтатқан жоқпын, – деді ол.
Бұрын Білім және ғылым министрі болған Асхат Аймағамбетов екі қызметтің айырмашылығына да тоқталды.
Оның айтуынша, министр ретінде шешім қабылдау механизмі мен Парламенттегі жұмыс мүлде бөлек.
Министр болғанда шешімді көбіне өзің қабылдайсың, өйткені ол – атқарушы орган. Ал Парламентте жалғыз өзің ештеңені шеше алмайсың. Мұнда командалық жұмыс маңызды. Әріптестеріңді сендіруің керек, барлығымен тиімді коммуникация орнатуың қажет. Парламенттің ерекшелігі де осында, – деді Аймағамбетов.