Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтымен (БҚПҒЗИ) бірлесе отырып, вирусолог мамандарды даярлайтын болады.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша жоо осы бағытта магистранттар мен докторанттарды оқытады. Министр әлемдік пандемия эпидемиология және вирусология саласындағы мамандарды даярлау қажеттілігін айқындай түскендігін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, дәл осы ҚР БҒМ БҚПҒЗИ-ның қызметкерлері отандық COVID-19 вакцинасын әзірлеген болатын.
Ұлттық жоғары оқу орнының ректоры Жансейіт Түймебаев пен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ бас директоры Күнұлу Закарья тиісті келісімге қол қойды. Қазір ҚазҰУ ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, вирусология саласында жаңа білім беру бағдарламасын әзірледі.
Алғаш рет әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, вирусолог мамандарды даярлайтын болады. Аталған бағытта бұрын-соңды бакалавриаттың ұқсас білім беру бағдарламалары бойынша оқыған жоғары оқу орындарының түлектері оқи алады. Олар ҚазҰУ биология және биотехнология факультетінің базасында әрі БҚПҒЗИ BSL-2 және BSL-3 зертханаларында білім алатын болады. Вирусологтарды даярлау кезінде студенттердің теориялық қана емес, практикалық білім алуына басты назар аударылады. Жетекші вирусологтар зерттеу мен диагностиканы қалай жүргізу қажет, вирустың жаңа түрлерін қалай анықтау керектігін көрсетіп, өз тәжірибелерімен бөліседі. Сондай-ақ білім алушылар молекулярлық биология, биохимия, микробиология әдістерін меңгереді, - деді Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Практикалық сабақтар басым болғандықтан, студенттер БҚПҒЗИ базасында тәжірибе және тағылымдамадан өтеді. Институт ғалымдары, соның ішінде коронавирусқа қарсы вакцина жасаған ғалымдар вирусология, биология және биотехнология саласында практикалық сабақтар мен семинарлар өткізеді. Оқуды үздік аяқтаған түлектер одан әрі биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа орналасуы мүмкін.
Алдағы уақытта ғылыми-зерттеу институты базасында докторлық жұмыстарды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңес құрылатын болады. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде әдістемелік-консультациялық көмек көрсету үшін шетелдік ғалымдарды тарту көзделіп отыр.
Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты мамандарының биологиялық қауіпсіздік, биотехнология, вирусология, микробиология, иммунология саласында мол тәжірибесі бар екенін атап өткен жөн. Институт ғалымдары препараттардың 60-тан астам атауын, оның ішінде 30 вакцина, 16 тест-жүйе және 15-тен астам түрлі биопрепараттарды әзірлеп, енгізді. Соңғы 10 жылда институт аса қауіпті инфекцияларға қарсы вакциналарды, оның ішінде отандық QazVac вакцинасын дайындау технологиясын жасады.