Еліміздің туын әлемге танытқаныма қуаныштымын – Францияда жеңіске жеткен жас спортшылар

30 Мамыр 2022, 18:29
2489
Бөлісу:
Еліміздің туын әлемге танытқаныма қуаныштымын – Францияда жеңіске жеткен жас спортшылар
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік гимназиада – 2022 жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.

Марапаттау салтанаты кезінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биыл гимназиадаға қатысқан 50 түлек, яғни 11-сынып оқушысы ел университеттерінде бейінді бағыты бойынша тегін оқи алатынын мәлімдеп, білім беру гранттарының сертификаттарын табыстады.

Осы ретте Францияда оқушылар арасында өткен спорттық жарыстың жеңімпаздары және олардың жаттықтырушыларын әңгімеге тарттық.

Еліміздің туын әлемге танытқаныма қуаныштымын – Францияда жеңіске жеткен жас спортшылар

Боксшы Ердос Шәріпбек

Жақында Франция елінің Нормандия қаласында өткен гимназиадаға қатыстым. Жарысқа бокстан 92 келі салмақта қатысып, І орын иелендім. Гимназиада жақсы дайындықпен өтті. Енді мемлекет бөлген гранттың арқасында қалаған университетімде тегін оқи аламын. Ол үшін бүгін маған білім грантының сертификатын берді, - деді Тараз қаласының 11-сынып оқушысы Ердос Шәріпбек.

Жас спортшы Алматы қаласындағы университеттің бірінде Спорт және туризм мамандығы бойынша оқуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Ердостың бокспен, жалпы спортпен шұғылданып жүргеніне 8 жыл болды. 

Оның айтуынша, спорттық доданы ұйымдастырушылар оқушыларды күтіп алып, қалада экскурсиялар ұйымдастырған. Онымен қоса, балалар басқа елдерден келген құрдастарымен де достасып, тіпті формаларымен де алмасып үлгерген.

Барлық спортшы жарысқа ерекше дайындықпен келген. Қазақстанның намысын осындай халықаралық аренада қорғап, үздік нәтиже көрсеткеніме қуаныштымын. Алда ең үлкен жарыс күтіп тұр. Қараша айында Испанияда әлем чемпионаты өтеді. Ол жақта да намысты бермеуге тырысамын, - дейді Тараз қаласы №30 мектебінің оқушысы Ердос Шәріпбек.

Еліміздің туын әлемге танытқаныма қуаныштымын – Францияда жеңіске жеткен жас спортшылар

Жеңіл атлет Ақбаян Нұрмамбет

Алматы облысы Талдықорған қаласы Спорт интернат-колледжінің 11-сынып оқушысы Ақбаян Нұрмамбет қола медаль иеленді.

Еліміздің туын әлемге танытқаныма қуаныштымын – Францияда жеңіске жеткен жас спортшылар

Францияда өткен гимназиадаға жеңіл атлетика спортынан жарысқа қатысып, жүлделі үшінші орынмен елдің туын көкке көтеріп, қуанышпен оралдым. Бүгін осы жылғы барлық 50 түлекке өз қалаған университетіне тегін оқуға сертификат берді. Енді Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы университетке Дене тәрбиесі бөліміне оқуға түскім келеді, - дейді жас спортшы.

Ол Францияда жеңіске жеткен кезінде қандай сезімде болғанын еске алды.

Жеңіл атлетика – көп дайындықты қажет ететін спорт түрі. Еліміздің туын әлемдік жарыста көкке көтеріп, дүниежүзіне танытуға үлес қосқаныма қуаныштымын, - деп айтты Ақбаян Нұрмамбет.

Талдықорғандық спортшы да тамыз айында өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.

Еліміздің туын әлемге танытқаныма қуаныштымын – Францияда жеңіске жеткен жас спортшылар

Жаттықтырушы Әсет Темірханұлы

Алматы облысы Талдықорған қаласынан келген жеңіл атлетика жаттықтырушысы Әсет Темірханұлын да сөзге тарттық.

Франция елінде өткен жарысқа 3 оқушымыз қатысты. Оның екеуі өкінішке қарай, жеңіс жолынан шығып, тек біреуі ІІІ орынға ие болды. Ол – Ақбаян Нұрмамбет. Оқушым 1 500 метр қашықтық бойынша қатысты. Уақыты 4 минут 27 секунд болды, - дейді жаттықтырушы.

Әсет Темірханұлы оқушыларының өнерін елде отырып, тікелей эфирде тамашалаған.

Балаларымыздың өнерін тікелей эфирден көріп отырдым. Оқушым жеңіске жеткенде қуандым. Әрине оның барлығы еңбектің арқасында. «Еңбек, бәрін де жеңбек» деп те бекер айтпаған. Көп еңбектенсек, жақсы нәтижелер көрсетеріміз сөзсіз. Бүгін оқушыларға университеттерге оқуға тегін гранттар беріп жатыр. Бұл оқушыларға да, ата-аналарға да мемлекеттен көрсетілген үлкен көмек деп ойлаймын, - дейді маман.

Ол алдағы жарыстарға басқа да оқушыларды дайындап жатқанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы