Еліміздің өңірлерінде жаңа өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандар ашылды

Жаңа нысандар өңірлердегі өндіріс көлемін арттыруға, тұрғындардың әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін жақсартуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

 Абай облысы әкімдігі 2 Қараша 2026, 08:10
2 Қараша 2026, 08:10
112
Фото: Абай облысы әкімдігі

Қазақстанның бірқатар өңірінде өнеркәсіптік әлеуетті арттыру, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік нысандар салу жұмыстары жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жаңа жолдар, өндіріс орындары, медициналық мекемелер мен спорт нысандары пайдалануға берілді.

Көлік инфрақұрылымы

Шығыс Қазақстан облысында Тереңсай асуын айналып өтетін автомобиль жолы және Пихтовка өзені арқылы өтетін елдегі ең биік таулы автомобиль көпірі ашылды. Алматы облысында «Кеген – Нарынқол» тасжолының 74 шақырымдық бөлігі орташа жөндеуден өтті. Жетісу облысында Мұқыры асуындағы ұзындығы 21 шақырым болатын төрт жолақты автожол пайдалануға берілді.

Өнеркәсіп және өндіріс

Алматы облысында тәулігіне 10 тонна ет өңдеуге қауқарлы кәсіпорын іске қосылды. Жобаға 2,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Түркістан облысында металл конструкциялар мен бұйымдар өндіретін 1,5 млрд теңгелік зауыт ашылды.

Абай облысында тәулігіне 200 тонна май өндіруге мүмкіндік беретін май құю және қаптау цехы іске қосылды. Жоба құны – 8,4 млрд теңге. Кәсіпорында 100-ден астам жұмыс орны ашылады. Ал Қарағанды облысында жасанды интеллект негізіндегі климатты бақылау жүйесімен жабдықталған, 20,5 мың құсқа арналған кешен пайдалануға берілді.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік нысандар

Алматы облысының Нарынқол ауылында ауысымына 250 адам қабылдайтын жаңа емхана ашылды. Өскеменде Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының тұрғындарына қызмет көрсететін 148 орындық Гематология орталығы салынды. Оның құрылысына 33,6 млрд теңге бағытталған.

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында футбол, волейбол, баскетбол алаңдары мен воркаут-аймақтары бар спорт және балалар ойын алаңдары ашылды. Қостанайда 1000 орындық трибунасы, жүгіру жолдары және спорт алаңдары бар көпфункционалды стадион пайдалануға берілді.

Жаңа нысандар өңірлердегі өндіріс көлемін арттыруға, тұрғындардың әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін жақсартуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Наверх