Депутат: Еліміздің негізгі қара жұмыс күші – өзбек болып тұр

9 Сәуір 2020, 16:51
2547
Бөлісу:
Депутат: Еліміздің негізгі қара жұмыс күші – өзбек болып тұр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Былтыр Қазақстанда жұмыс істеуге Өзбекстанның 394 мың азаматына рұқсат етіліпті. Оның басым көпшілігі құрылыс саласында еңбек еткен. Бұл туралы Сенат отырысында айтылды.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында "Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы еңбекші мигранттардың еңбек қызметі және олардың құқықтарын қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы" заң қабылданды.

Келісімге 2019 жылы 15 сәуірде Ташкент қаласында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары барысында қол қойылған болатын. Келісімнің мақсаттары - тараптардың мемлекеттеріндегі көші-қон ағындарын реттеу және заңсыз еңбек қызметін болдырмау жөніндегі шараларды жүзеге асыруы. Келісімді ратификациялау екі елдің арасындағы еңбек көші-қоны процесін реттеу саласындағы ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етеді деп санаймыз. Келісімге сәйкес, еңбекші мигранттар қабылдаушы мемлекеттің заңдары мен еңбек шартының талаптарына сәйкес демалуға, айналасындағы адамдар үшін қауіп төндіретін аурулар кезінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін алуға құқылы болады. Сонымен қатар, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізіміне кірмеген медициналық қызметтер ақылы негізде немесе ерікті медициналық сақтандыру аясында көрсетіледі, - дейді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Осы ретте министрге сауал жолдаған сенатор Сәрсенбай Еңсегенов біраз мәселенің барын айтты.

2019 жылы Қазақстанда 394 мың өзбек азаматына рұқсат берілген екен. Оның 82%-ы құрылыста, 9%-ы үй жұмысында, 6%-ы бау-бақша жұмысында істеген. Осының өзінен-ақ біздің еліміздің негізгі қара жұмыс күші өзбек азаматтары екені көрініп отыр, - дейді Сәрсенбай Еңсегенов.

Оның айтуынша, келісімдегі 18-бапта өзбек жұмысшыларының заңнамалық тұрғыдан реттеуге бағытталғаны көрініп тұр.

Келісімшарттың негізгі талабы іске асу үшін еңбек шарты жасалуы керек екенін атап өтті. Ал іс жүзінде еңбек шарты орындалмайтыны белгілі. Әсіресе құрылыс саласында жүрген азаматтармен еңбек шарты жасалмайды. Мұны сіздер қалай бақылайсыздар? Себебі келісімде қаралған еңбек заңдылығының сақталуы тікелей осы еңбек шартына байланысты, - деді депутат министрге жолдаған сауалында.

Министр өз кезегінде депутат келтірген статистикалық деректердің рас екенін айтты.

Сіздің келтірген сандарыңызбен келісемін. Олар қазақстандықтардың үйінде жұмыс істеу үшін Ішкі істер министрлігінен рұқсатнама алады. Сол кезде салықты төлеумен қоса, дактилоскопия, басқа да шаралар қолданылады. Тағы бір шарты - тартылған шетелдіктерге тапсырыс берген азамат еңбек шартын да ұсынуы тиіс. Сондықтан осы еңбек шартының болуы рұқсатнаманы берген кезде қадағаланады, - деді министр Біржан Нұрымбетов.

Өзгелердің жаңалығы