Еліміздің мемлекеттік қарызы 28 трлн теңгеден асты және өсіп барады

Бүгiн, 17:51
133
Бөлісу:
Еліміздің мемлекеттік қарызы 28 трлн теңгеден асты және өсіп барады
Фото: Арман Мухатов -архив

Сұлтанбек Мәкежанов Олжас Бектеновке мемлекеттік қарыздың өсіп бара жатқаны және еліміздің қаржы ресурсын басқаруды жақсарту қажеттігі туралы сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат бюджет тапшылығы мен мемлекеттік қарыздың өсуіне әкеп соғатын, кіріспен расталмаған мемлекеттік шығыстың ұлғаюы – мемлекеттік қаржының өзекті мәселесінің бірі екенін атап өтті.

Соңғы бес жылда мемлекеттік жиынтық қарыз ЖІӨ өсу қарқынына жақындаған және жылына 12%-ға ұлғайып отыр. Алты айдың ішінде 1,6 трлн теңгеге көбейіп, 28,7 трлн теңгеге жетті.

2014 жылдан бастап мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуге арналған шығыстар 2024 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің 0,6%-ынан 2,7%-ға дейін өсті, бұл 4,5 есеге ұлғаюды білдіреді. Одан басқа, 2025 жылға қарызды өтеуге және оларға қызмет көрсетуге 6,1 трлн теңге бөлу көзделген, бұл Ұлттық қордан берілетін трансферттерді есепке алмағанда республикалық бюджет кірісінің 38%-ы, - деді сенатор

Мемлекеттік қарыз бен қарыз алуды басқару мемлекеттік шығындардың тұрақсыз өсуіне әкелуі мүмкін.

Қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы әзірге қолайлы деңгейде қалса да, сенатор мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығынының өсуі және жаңа қарыз алудың орындылығы туралы алаңдады. Депутат осыған байланысты Үкіметке оларға қызмет көрсетуге жұмсалатын мемлекеттік шығыстардың қарқынына мониторинг пен бақылауды күшейтуді және жиынтық мемлекеттік борыш пен квазимемлекеттік сектордың борышын басқарудың нақты тұжырымдамасын айқындауды ұсынды.

Қазіргі қарыздардың тиімділігіне мониторинг жасау мен жаңа қарыздардың орындылығын талдауға, сондай-ақ олардың шығыс қозғалысына бақылауды күшейту қажет. Қарыз алуға шектеудің жеткілікті екендігі туралы мәселені қарастыру және шартты түрдегі шекті мәндерді алып тастау қажет, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы