Еліміздің медиа саласы бірқатар жүйелі мәселелерге тап болып отыр – сенатор

Бөлісу:
Еліміздің медиа саласы бірқатар жүйелі мәселелерге тап болып отыр – сенатор
Фото: Арман Мухатов

Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген Алқа отырысында Парламент Сенаты депутаты Бибігүл Жексенбай еліміздің медиа саласы бірқатар жүйелі мәселелерге тап болып отырғаны туралы сөз қозғады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстандық медиа саласы соңғы жылдары айтарлықтай дамып, сандық трансформациядан өтіп жатқанына қарамастан, бірқатар жүйелі мәселелерге тап болып отыр. Бұл мәселелер медианы қаржыландыру, аудиторияның сенімі, кадр тапшылығы және технологиялық өзгерістерге бейімделу сияқты факторларды қамтиды, - деді Бибігүл Жексенбай.

Сенатор медиа саласы нақты қандай факторлар тап болып отырғанына жеке-жеке тоқталды.

Цифрлық трансформацияның баяу жүруі

Оның сөзінше, дәстүрлі БАҚ цифрлық форматқа көшу барысында қиындықтарға тап болуда. 

Цифрлық медиаға бейімделу процесі баяу жүріп, аудиторияның онлайн платформаларға ауысуына байланысты дәстүрлі медианың ықпалы төмендеуде. Әсіресе, өңірлік басылымдар технологиялық көштен қалып бара жатқаны рас. Себеп қаржы және кадр мәселелері екені аян, - деді Б. Жексенбай.

Медиа сауаттылықтың төмендігі

Халық арасында медиа және ақпараттық сауаттылық деңгейі жеткіліксіз. Бұл жалған ақпараттың таралуына, манипуляцияға және ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау қабілетінің төмендігіне әкеледі.

Осы тұрғыда әлі де құқықтық реттеудің жетілдіру міндеті тұр. Бұл бағытта заңнамалық базаның жетімсіздігін айту керек. Сондай-ақ, жаңа цифрлық платформаларды қамтымауы құқықтық вакуум тудырады. Бұл әсіресе блогерлер мен онлайн платформаларға қатысты мәселелерде айқын көрінеді, - деп атап өтті сенатор.

Қазақстанның медиа саласы қазіргі уақытта елеулі өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Цифрлық трансформация, медиа сауаттылықты арттыру және құқықтық базаны жетілдіру арқылы отандық медиа индустриясын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бар. Бұл бағытта мемлекет, медиа ұйымдар және қоғам бірлесе әрекет етуі тиіс.

Қаржыландыру мен нарықтық бәсеке

Мемлекеттік тапсырысқа тәуелді БАҚ-тар көп, ал тәуелсіз басылымдар жарнама берушілер мен оқырмандарға сүйенуге мәжбүр. Қазақстанда жарнама нарығы шағын және шетелдік (Google, Meta) платформалармен бәсекелесе алмайды, бұл отандық медианың қаржылық тұрақтылығына кері әсер етеді.

Оқырмандар қолдауына немесе жарнамаға сүйенген тәуелсіз медиалар шетелдік гранттар мен жеке құрылтайшылардың талап, тілегін орындап, қоғамда жүрбелең туғызатын жағымсыз контенттерді көптеп таратуға мәжбүр. Әрине мемлекеттік олардың барлығын қамтуы мүмкін емес. Дегенмен гранттар мен мемлекеттік тапсырыстар тақырыптарын әртараптандырып, көбінесе жаңадан құрылған медиаларды қолдауға баса көңіл бөлуі қажет, - дейді Сенат депутаты.

Мемлекет тәуелсіз медиалардың дамуына мүмкіндік беруі керек. Медиа нарығында ашықтық пен әділ бәсеке қалыптасса, әртүрлі көзқарастар еркін таралып, ақпарат сапасы жақсарады.

Аудиторияның сенімсіздігі

Сенат депутатының айтуынша, қазақстандық мемлекеттік медиаларға деген сенім төмендеп келеді. Себебі қоғам ресми ақпарат көздерінің біржақтылығын сезінеді, ал әлеуметтік желілерде жалған ақпарат кеңінен таралады.

Бұл жағдай аудиторияның дәстүрлі БАҚ-қа деген қызығушылығын азайтып отыр. Сондықтан да мемлекеттік БАҚ жергілікті жерлерде орын алып жатқан заңсыздықтар мен проблемалардың олардың шешімін тапқаны туралы контенттерге басымдылық бергені дұрыс деп есептеймін. "Ауруын жасырған өледі" дегендей, қоғам көріп тұрған ашық заңбұзушылық пен Президент, Үкімет тапсырмаларына немқұрайлы қарап жатқан жергілікті билік өкілдерінің заңсыз әрекеттерін жеке блогерлер мен басқа да әлеуметтік желіде өздерін "белсенді" санайтын азаматтардан бұрын обьективті дәлел, дәйегімен таратып отырса, әлеуметтік желідегі атқарушы және заң шығарушы билікті айыптаған түрлі контенттер азаяр еді, - деді Бибігүл Жексенбай.

Халықтың сенімін арттыру үшін журналистер ашықтық, фактчекинг, объективтілік қағидаларын ұстануы қажет. Бұқарамен кері байланыс орнатып, олардың пікірлерін ескеру маңызды.

Кадр тапшылығы және кәсіби стандарттардың төмендігі

Журналистика саласында білікті мамандар жетіспейді. Ақпараттық ресурстарда сапасыз аудармалар, кәсіби этиканың бұзылуы, терең талдаудың болмауы байқалады.

Оған қоса, Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, медиадағы еңбекақы деңгейі төмен болғандықтан, талантты мамандар басқа салаларға ауысып кетеді. Журналистика факультеттерінің білім беру сапасын арттырып, медиа қызметкерлерін тұрақты оқыту қажет. БАҚ-тар өз қызметкерлеріне жоғары жалақы ұсынса, кәсіби мамандардың кетуі азаяды.

Медиа салада дамымай артта қалған салалардың бірі жергілікті жерлердегі баспасөз. Облыстық немесе аудандық әкімдіктер қаржыландыратын газеттер туралы сөз болмақ. Жергілікті баспасөз беттері көбінесе негізінен әкімдік қызметін дәріптеуге бағытталған. Облыстық және аудандық газеттерде әкімдік жұмысы мен ресми шаралар ғана насихатталады. Жергілікті халықтың шынайы мәселелері көтерілмейді, олардың пікірлері ескерілмейді. Тыңдайтын құлақ болмаған соң тұрғындар әлеуметтік желі арқылы облыс әкімі пен Президенттен көмек сұраған контенттер жиілеп кетті, - деп түсіндірді ол.

Ал халықтың басым бөлігі (92,4%) ақпаратты әлеуметтік желілерден алатындықтан, олардың сұранысына жауап бермейтін басылымдарға сұранысы азайып, оқырмандарын жоғалтуда.

Осыған байланысты жергілікті газеттердің қоғамдағы рөлін қайта қарастырып, шынайы, пайдалы ақпарат тарататын медиақұралға айналдыру қажет.

Мысалға алсақ, Ақмола облысы, Аршалы ауданындағы аудандық газетті қолдауға 20 миллион теңге қаражат бөлінсе, тираж саны – 1000 дана. Ал аудандағы 48 мың халық барын еске алсақ босқа кеткен қаражат емес пе? деген ой туады. Ақмола облысы, Бурабай аудандық "Бурабай" газеті бюджеті 9 млн теңге бола тұрып, таралымы 700. Ал ауданды 70 мыңға жуық халық бар, - деп сөзін түйіндеді сенатор.

Еске сала кетейік, аталған жиын барысында Парламент Сенаты депутаты Бибігүл Жексенбай отандық медианың қазіргі жағдайы мен дамуы туралы да айтты.

Өзгелердің жаңалығы