Еліміздің барлық өңірін бір деңгейде сумен қамту қажет – министр

5 Ақпан 2024, 20:23
420
Бөлісу:
Еліміздің барлық өңірін бір деңгейде сумен қамту қажет – министр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек су мәселелері бойынша бірлескен кеңес өткізді. Кездесуге жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері де қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Елімізде су ресурстары саласындағы жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарының консорциумы құрылды. Консорциум жұмысының басым бағыттарының бірі - тұщы су қорын іздеу және оның көлемін арттыру болып табылады.

Жиында ғылыми және білім беру ұйымдардың өкілдері консорциум шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыс туралы айтып берді. Бұл мұздықтарды зерттеу, тұщы су қорын және жерасты суларын барлау.

Баяндамаларды тыңдағаннан кейін Нұржан Нұржігітов консорциум қатысушыларына су ресурстарын зерттеу мәселесінде Ұлттық гидрогеологиялық қызметпен және Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институтымен күш біріктіруді ұсынды.

Біріншіден, бюрократиясыз жедел ақпарат алмасуды ұйымдастыру қажет. Туындаған мәселелерді шешу үшін бізге нақты деректер қажет. Екіншіден, білікті кадрларды даярлауға уақыт керек, сондықтан бейінді оқу орнын құру мәселесі әлі де өзекті және біз сіздің қолдауыңызға үміттенеміз. Үшіншіден, ғылыми тәсілді қолдана отырып, еліміздің барлық өңірін бір деңгейде сумен қамтамасыз ету қажет, – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі.

Сондай-ақ, министр консорциумға кіретін жоғары оқу орындарына су саласы мамандықтарының студенттері еліміздегі министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарында тәжірибеден өтуі үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды ұсынды.

Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Су дипломатиясы» атты жаңа білім беру бағдарламасын әзірлегенін мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы