Еліміздің барлық аймағында ауылшаруашылық өнімдерін өндіру керек – депутат

18 Қыркүйек 2023, 11:30
907
Бөлісу:
Еліміздің барлық аймағында ауылшаруашылық өнімдерін өндіру керек – депутат
Фото: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

Айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Президенттің халыққа арнаған Жолдауына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық реформаға бағдар ұстану қажет екенін атап өткен еді. Жолдауда ел экономикасы өзін-өзі қамтамасыз ете алатындай жағдайға жету үшін мықты өнеркәсіптік негіз қалыптастыру қажеттігі, ол үшін өңдеу саласын дамытуға басымдық беру қажеттігі ең басты міндет ретінде айтылған. Жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру қажеттігі міндеттелген. 

Қысқа күнде қырық құбылған ғаламдағы өзгерістерге лайықты жауап тауып, орнықты мемлекет болып қалу үшін не істеу абзал? Жолдауда осы сұраққа бірнеше бағдар бойынша жауап берілген. Кластер жүйесін қазіргі уақытта, әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісінде кеңінен өрістету қажеттігі айқын байқалып тұр. Төрт түліктен, астық пен бау-бақшадан, жылыжайлардан алынатын өнімдерді сол қалпында пайдаланумен шектелмей, оларды түрлі өнімдерге айналдырып, ішкі-сыртқы нарыққа ұсынған жағдайда, ел экономикасына үстелер табыс еселене түсері анық. Бұл үшін қажетті нәрсе – еліміздің барлық аймағында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге мүмкіндік беретін шағын зауыттар мен цехтарды көбейту және оларда өнім өңдеудің заманауи жаңа технологияларын кеңінен пайдалану. Аталған жұмысқа қажетті технологияларды озық елдерден үйренуге болатыны белгілі. Алайда сонымен шектеліп қалмай, өзіміздің қазақстандық технологияны қалыптастыру маңызды, – дейді Аманжол Әлтай.

Мәжіліс депутатының айтуынша, кейбір өңірлерде ауыл ішіндегі жолдар түгілі, сол ауылға дейін жеткізетін асфальт жолдың жоқтығы – көңілге қаяу түсіретін шындық.

Жолдауда айтылғандай, 2029 жылға дейін жолдарды жақсарту мақсат етілгендіктен, мемлекет тарапынан бөлінетін қаражаттан тапшылық бола қоймайтыны анық. Өйткені сапалы жол жұрттың қарым-қатынас жасауына ғана емес, жер-жерде өндірілген өнімдердің әр тарапқа жедел жетуіне жағдай туғызып, ел экономикасының алға басуына зор мүмкіндік ашатыны белгілі. Ал қаражатты сапалы жол салуға тиімді жарата білу – соған жауапты министрлік пен жергілікті басшылықтың басты міндеті. Бұл – осы мақсаттың орындалуына тікелей жауапты басшылардың іскерлік, ұйымдастырушылық, адалдық қасиеттері де сынға түсер уақыт. Азаматтардың уақыт пен халық сынынан сүрінбей өтуінен үміттенеміз. Сапалы жол аймақтардың өзара тауар тасымалына, тәжірибе алмасуына да әсер етеді. Қазіргі уақытта кейбір өңірлерде ауыл ішіндегі жолдар түгілі, сол ауылға дейін жеткізетін асфальт жолдың жоқтығы – шешімін табуды қажет ететін үлкен мәселе. Жолдауда бағдарланған экономикалық межелерге қол жеткізу үшін, сол мақсатқа тұтас қоғамды жұмылдыру қажет, – дейді Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай.

Өзгелердің жаңалығы