Еліміздің алты қаласында ауа сапасы нашарлауы мүмкін

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде желдің әлсіреуі, тұман, инверсия сияқты факторлар әсерінен атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды және ластаушы заттар жиналады.

 pixabay 20 Қыркүйек 2026, 08:55
20 Қыркүйек 2026, 08:55
60
Фото: pixabay

20 қыркүйекте Қазақстанның алты қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлімдеді.

Синоптиктердің болжамынша, ҚМЖ Павлодар, Орал, Атырау, Ақтөбе, Алматы және Қостанай қалаларында тіркелуі мүмкін.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде желдің әлсіреуі, тұман, инверсия сияқты факторлар әсерінен атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды және ластаушы заттар жиналады. Соның салдарынан елді мекендердегі ауа сапасы уақытша нашарлауы мүмкін.

Мамандар мұндай кезеңде тұрғындарға:

  • ашық ауада, әсіресе көлік жолдары мен басқа да ластану көздеріне жақын жерде болу уақытын қысқартуды;
  • балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ уақыт серуендеуден бас тартуды;
  • ашық ауада дене белсенділігін шектеуді;
  • спортпен және дене шынықтырумен жабық ғимараттарда айналысуды ұсынады.

Ал өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдарға сыртқа шыққан кезде қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруге кеңес беріледі.

Наверх