Еліміздің 3 өңірі жарық, су және жылусыз қалуы мүмкін

14 Шілде 2023, 21:47
1406
Бөлісу:
Еліміздің 3 өңірі жарық, су және жылусыз қалуы мүмкін
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың №4 су электр кешенінің №87 бөгетіне барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәжіліс баспасөз қызметінің мәліметінше, стратегиялық нысан апатты жағдайда тұр, бірақ жосықсыз мердігермен соттасып жатқандықтан сервистік компания тендер өткізе алмай отыр.

Каналдың Павлодардағы басқарма басшысы Владимир Егердің айтуынша, каналдың нақты пайдалану мерзімі 60 жыл болса, стандартты мерзімі 25 жыл. Техникалық қолдау көрсетілсе де арнаның сумен қамтамасыз ету деңгейі төмен. Бұл қысқы маусымда апатқа ұшырау қаупін тудырады.

Қазір канал жұмыс істеуі керек қалыпты ұстап тұру горизонты деңгейіне жету үшін шамамен бес миллион текше метр су жетіспейді. Ал бүкіл канал бойынша 70 миллион текше метрден астам су тапшылығы байқалады. Қыс мезгіліне мұндай төмен су деңгейімен кіру қауіпті, өйткені мұндай көрсеткішпен біз сорғы станциялары мен бассейндерін қамтамасыз ете алмаймыз. Жаңа тендерлерді де жариялай алмаймыз, өйткені сот процесі жүріп жатыр, - деді Владимир Егер.

Каналдың гидротехнигі Светлана Жаркова 22 сорғы стансасы орналасқан нысандардың төбесіне қатысты алаңдаушылық білдірді. Ылғал түскен жағдайда электр жабдықтары істен шығуы мүмкін, сондықтан шұғыл жөндеуді қажет етеді.

Каналдың Павлодар бөлімінің басшысы 1996 жылдың желтоқсанында электр қосалқы станциясы істен шығып, бүкіл Екібастұзды жылу электр станциясы жұмыс істей бастағаннан бері жарықсыз, жылусыз және сусыз қалдырған жағдайдың қайталану қаупі барын айтады.

Депутат Ажар Сағандықованың айтуынша, мәселе арнаның бұрын дербес заңды тұлға болғанында. Одан кейін Казводхозға ауыстырылған.

Оңтүстіктегі ирригациялық жүйелерді жөндеу керек болды, ал канал, бір ғажабы, халықаралық банктерден несие алуға кепілдік болды. Бұрын өзін толық ақтап келгенімен, кезекті және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге олардың жеке кадрлары, өз қаражаттары болды. Біз, депутаттар, бұл арна өзін-өзі қамтамасыз ететіндіктен әрі ел үшін стратегиялық маңызы зор болғандықтан, оны кепілден алып, жеке-дара дербес заңды тұлға ету керек деген мәселені көтердік. Мұнда қаржы салу керек, өйткені 22 сорғы стансасы жұмыс істейді, олардың әрқайсысы қайта қарауды және күнделікті жөндеуді қажет етеді, - деді Ажар Сағандықова.

2018 жылы «Қазводхоз» РМК жарғылық капиталын ұлғайту» бағдарламасы аясында 241 апатты су қоймасы мен гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіруге, оның ішінде осы бөгетті жөндеуге республикалық бюджеттен қаражат бөлінді.

Шартты орындау барысында оның мерзімі бірнеше рет ұзартылды. «Қазводхоз» РМК Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына мердігерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы екендігі туралы талап арызбен жүгінді. Мердігер қарсы талап қойып, процесс ұзаққа созылып кетті.

Қазіргі уақытта азаматтық іс қаралуда, іс бойынша құрылыс-экономикалық қайталама сот сараптамасы тағайындалды. Азаматтық іс бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Мәжілістің экология және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Ажар Сағандықова бұл мәселенің жеке бақылауында екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы