Еліміздің 19 клиникасында МӘМС бойынша ЭКҰ өтуге болады

27 Желтоқсан 2022, 16:03
1090
Бөлісу:
Еліміздің 19 клиникасында МӘМС бойынша ЭКҰ өтуге болады

2022 жылы 7,4 млрд теңгеге жуық экстракорпоралды ұрықтандырудың 7 мың циклін қаржыландыруға қарастырылған. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында атап өткендей, биыл бұл қызметтерді МӘМС аясында елімізде 19 медициналық ұйым көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қор 2022 жылы ЭКҰ бойынша қызмет көрсетуге Қазақстанның 7 өңірінде 19 медициналық ұйыммен шарттар жасасты (Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстары). Ең көп жеткізушілер Алматы қаласында – 6.

Естеріңізге сала кетейік, «Аңсаған сәби» бағдарламасы 2021 жылдан басталды. Ол ЭКҰ-ға квоталар санын көбейтуге мүмкіндік берді. Егер 2020 жылы шамамен 1 млрд теңгеге 1 033 ЭКҰ қызметі өткізілсе, 2021 жылда бағдарламаны іске асырудың арқасында олардың саны 7 000 қызметке дейін өсті (қаржыландыру сомасы – 6,7 млрд теңге). Ал 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 5,8 мың ЭКҰ циклі өткізілді.

МӘМС есебінен  ЭКҰ-дан қалай өту керек?

  1. Пациент МӘМС шеңберінде қосалқы репродуктивтік технологиялар бойынша қызмет көрсететін медициналық ұйымды өзі таңдайды.
  2. Осыдан кейін жоғары технологиялық медициналық қызметтер (ЖТМҚ) комиссиясының қорытындысын алу үшін тіркелген жері бойынша өзінің учаскелік дәрігеріне жүгінеді.
  3. Учаскелік дәрігер пациентті бедеуліктен зардап шегетін диспансерлік науқастардың электрондық тіркеліміне (ДНЭТ) енгізеді.
  4. Тиісті тексеруден кейін және 12 ай ішінде бедеуліктің себептері анықталғаннан кейін бейінді маманның қорытындысы негізінде учаскелік дәрігер МӘМС есебінен қосалқы репродуктивтік технологияларды жүргізу туралы мәселені шешу үшін пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі комиссияға жібереді.
  5. Оң шешім қабылданған жағдайда пациент толық құжаттар пакетін қоса бергеннен кейін, келесі қадамдар емдеуге жатқызу бюросы порталында жүргізіледі. Пациентке қызметтерді алудың басталу күні мен уақыты хабарланады.
  6. Бедеулікті емдеуде ҚРТ технологияларын пайдалана отырып қызмет көрсеткен медициналық ұйымдар деректерді медициналық ақпараттық жүйеге енгізеді.

Егер сізде сұрақтар туындаса, оларды Пациенттерге қолдау көрсету қызметіне хабарласу арқылы, өз емханаңызда қоя аласыз. Сізге жергілікті жерде көмек көрсетілмесе, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өзіңізге ыңғайлы байланыс арнасы арқылы өтініш жібере аласыз: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.

Дәл осы құралдар сақтандырудың күйін тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеріп, жүргізілген төлемдер туралы ҚР egov.kz электрондық үкіметінің сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінен «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-те аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы білуге болады.

Өзгелердің жаңалығы