Еліміздің 11 өңірінде 13 жаңа колледж салынады

143 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту қажет.

8 Қыркүйек 2026, 11:21
АВТОР
 Астана қаласы әкімдігінен 8 Қыркүйек 2026, 11:21
8 Қыркүйек 2026, 11:21
131
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Қазақстанда 143 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту қажет. Ал 11 өңірде 20 мың орынға арналған 13 заманауи колледж салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, кадр даярлау сапасы колледждердің материалдық-техникалық базасына тікелей байланысты.

Бүгінде жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілердің есебінен 174 колледж, ал жер қойнауын пайдаланушылардың қолдауымен 13 колледж жабдықталған.

Алайда 143 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту қажет.

Атап айтқанда, 72 колледж немесе 17%-ы күрделі жөндеуге мұқтаж. Ал 107 колледжде немесе 24,6%-ында жабдықтауға қажеттілік жоғары, тағы 202 колледжде немесе 46,4%-ында қажеттілік орташа деңгейде.

Күрделі жөндеуді қажет ететін колледждер саны Батыс Қазақстан облысында – 11, Алматы және Жетісу облыстарында – 7-ден, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында – 6-дан.

Осы мәселені жүйелі шешу үшін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруға амортизациялық шығындарды енгізу, колледждерді жабдықтауға жеке инвестиция тарту және ірі кәсіпорындардың қамқорлығындағы мемлекеттік колледждерді нысаналы түрде жаңарту жұмыстары жүргізіледі, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сонымен қатар 11 өңірде 20 мың орынға арналған 13 заманауи колледж салу жоспарланып отыр.

Министрдің айтуынша, бұл өңірлердегі орын тапшылығын азайтып, жастарды заманауи әрі жабдықталған ортада сапалы кәсіптік біліммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне бөлінетін мемлекеттік қаржы соңғы үш жылда 34,1%-ға өсті.

Сондай-ақ, колледж студенттерінің стипендиясы 43 мың теңгеге жетті. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында мәлімдеді.

Белгілі болғандай, Қазақстан кәсіптік және техникалық дағдылар бойынша 39 сатыға көтерілді. Қазақстан халқы мен жастар санының өсуі, сондай-ақ еңбек нарығындағы өзгерістер техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуды талап етеді.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда қай салаларда маман жетпейді? Министр статистика жариялады 

Қай өңірлер дуальды оқытуда алда, қайсысы артта қалды? 

Наверх