Қай өңірлер дуальды оқытуда алда, қайсысы артта қалды?

552 колледж 11 700 кәсіпорынмен бірлесіп дуальды оқыту жүргізіп жатыр. Алайда бірқатар өңірде бұл көрсеткіш әлі де төмен.

8 Қыркүйек 2026, 11:01
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Жасанды интеллект 8 Қыркүйек 2026, 11:01
8 Қыркүйек 2026, 11:01
135
Фото: ©BAQ.KZ/Жасанды интеллект

Қазақстанда дуальды оқыту жүйесі кеңейіп келеді. Соңғы үш жылда теориялық білім мен өндірістік тәжірибені ұштастыратын оқыту жүйесімен қамтылған студенттер саны 108 мыңнан 138,2 мыңға дейін өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгінде дуальды оқытумен қамту деңгейі 35%-ды құрайды.

Дуальды оқыту теориялық білім мен өндірістік тәжірибені ұштастыратын негізгі тетік. Соңғы үш жылда дуальды оқытумен қамтылған студенттер саны 108 мыңнан 138,2 мыңға дейін өсіп, қамту деңгейі 35%-ды құрайды, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Қазіргі уақытта 552 колледж 11 700 кәсіпорынмен бірлесіп дуальды оқыту жүргізіп жатыр. Соңғы үш жылда бұл жүйеге қосылған колледждер саны 34-ке, ал кәсіпорындар саны 6,8 мыңға артқан.

Дуальды оқыту бойынша ең жоғары көрсеткіштер Жамбыл облысында – 51,5%, Алматы қаласында – 39,7%, Алматы облысында – 39,2%, Қостанай облысында – 37,8% және Астана қаласында – 37,1% тіркелген.

Ал ең төмен көрсеткіштер Абай облысында – 21,2%, Атырау облысында – 21,9%, Батыс Қазақстан облысында – 25%, Ұлытау облысында – 26% және Солтүстік Қазақстан облысында – 28,8% болды.

Министр аталған өңірлерде дуальды оқыту бойынша жұмысты күшейту қажет екенін айтты.

Сапалы кадрлар даярлау мақсатында Қостанай облысында Германияның білім беру орталығымен бірлескен Халықаралық дуалды оқыту орталығы ашылған. Ал Қызылорда облысында алғаш рет заманауи Құзыреттілік орталығы іске қосылды.

Алдағы уақытта көрсеткіші төмен өңірлерде кәсіпорындарды көбірек тартып, дуальды оқытумен қамту деңгейін кемінде 40%-ға жеткізу көзделіп отыр.

4 мыңнан астам кәсіпорын колледждермен әріптестік орнатқан

Министрдің айтуынша, колледждер мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтудің маңызды бағыттарының бірі – кәсіпорындардың қамқорлығы.

Қазіргі уақытта 4 126 кәсіпорын 613 колледжбен әріптестік орнатқан.

Кәсіпорындар колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға, өндірістен мамандар тартуға, студенттердің практикасынан өтуін ұйымдастыруға және түлектерді жұмысқа орналастыруға қатысады.

Ірі серіктестер қатарында «СарыАрқаАвтопром», «Казхром», ERG, «Казцинк», «Қазақмыс», Еуразиялық энергетикалық корпорация, «Техно-Николь – Казахстан» және Altyntau Kokshetau бар.

Мұндай әріптестік колледждердің материалдық базасын өндіріс талаптарына бейімдеуге, практикалық даярлықты күшейтуге және түлектерді жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Осы тәжірибені барлық өңірде кеңейту ұсынылады, – деді Оқу-ағарту министрі.

Наверх