Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, оның ішінде өнеркәсіпке – 183 мың, құрылысқа – 102 мың, ауыл шаруашылығына – 73 мың, IT саласына – 12 мың маман қажет.
Кадр тапшылығы әсіресе құрылыс пен ауыл шаруашылығында байқалады Құрылыс саласында 102 мың маманға қажеттілік бар, ал осы бағытта 22,4 мың студент оқиды. Яғни сұраныс 4,5 есе жоғары. Ал ауыл шаруашылығында 73 мың маман қажет болса, білім алушылар саны 12,7 мың. Бұл сұраныстан 5,7 есе аз. Бұл алшақтық мемлекеттік тапсырысты өңірлер мен салалардың кадрлық қажеттілігіне сәйкес қайта бөлуді талап етеді, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, бүгінде жұмысшы біліктіліктері бойынша кадрлар 480 колледжде даярланады. Жалпы контингент 131 мың студентті құрайды. Оның 103 мыңы немесе 79%-ы 9-сыныптан кейін оқуға түскен.
Түлектер саны 51 мың адам, олардың 34,6 мыңы немесе 68%-ы жұмысқа орналасқан.
Соңғы үш жылдағы көрсеткіштерге сәйкес, барлық негізгі бағыт бойынша тұрақты өсім байқалады. Контингент 126,7 мыңнан 131,4 мыңға, ал қабылдау көрсеткіші 54,6 мыңнан 57,8 мыңға жетті. Сонымен қатар жұмысшы мамандығын аяқтаған студенттердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 3%-ға артты, – деді Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, үздік он жұмысшы мамандығы бойынша кадрларға тұрақты сұраныс сақталып отыр. Олар жеңіл өнеркәсіп, тамақ өндірісі, ауыл шаруашылығы, энергетика және автосервис салаларына тиесілі.
Атап айтқанда, арнайы тігінші мамандығы бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші 79%, аспаздарда – 77%, кондитерлерде – 76%.
Автоэлектр жабдықтарын жөндеу электриктері мен тракторист-машинистерде бұл көрсеткіш 70%, электромонтерлерде – 68%.
Тігіншілер мен автомобиль жөндеу слесарьларында жұмысқа орналасу деңгейі 66%, электргазбен дәнекерлеушілерде – 65%, ал компьютерлік аппарат операторларында 56%-ды құрайды.
Айта кетейік, Қазақстанда технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуына байланысты бірқатар мамандық жойылып, кәсіптердің басым бөлігі трансформацияланады. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтты.
Тағы оқи отырыңыз: «Елімізде жұмыс жоқ деген сөз болмауы керек»: Бектенов Еңбек министріне тапсырма берді.