Қазақстанның білім беру саласындағы басқару жүйесі өзгереді

16 Қаңтар 2020, 23:17
4591
Бөлісу:
Қазақстанның білім беру саласындағы басқару жүйесі өзгереді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылдың қаңтарынан бастап еліміздің білім беру саласындағы басқару жүйесі  өзгертіледі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Айта кетейік, 2019 жылғы 27 желтоқсанда Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы, мемлекеттік басқару жүйесін, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, кредиттеу және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Осы Заңның аясында Бюджет кодексіне және білім беру, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі заңдарға білім беру саласындағы функцияларды аудандық деңгейден облыстық деңгейге беруге қатысты бірқатар түзетулер енгізілді.

2021 жылдың қаңтарынан бастап білім беру саласындағы басқару жүйесі мына үлгіде ұсынылатын болады.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары өздеріне жүктелген білім беру саласындағы функцияларды тиісті білім беруді басқару органдары мен білім бөлімдері арқылы іске асыратын болады.

Аудандарда, қалаларда немесе облыстық және республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы аудандарда орналасқан білім беру бөлімдерін облыс әкімдігіне беру заңды тұлғаның мәртебесі сақтала отырып, жүзеге асырылатын болады.

Бұл ретте білім бөлімдері облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың білім басқармаларына есеп береді және олардың бақылауында болады.

Мұндай жағдайда ауданның жергілікті атқарушы органының:
- жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды міндетті түрде жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету;
- білім беру ұйымдарында оқу бітірген адамдарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу;
- ауылдық жердегі білім беру ұйымдарына жұмысқа келген жас мамандардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын жасауға жәрдемдесу;
- білім алушылардың қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңілдікпен жол жүруі туралы мәслихатқа ұсыныстар енгізу;
- жергілікті мемлекеттік басқарудың мүддесінде өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру құзыреттері сақталады.

Білім беру саласындағы басқару жүйесінің өзгерісі:
- әр ауданның қажеттіліктері бойынша қаржы қаражатын біркелкі бөлу;
- мемлекеттік саясатты іске асыруға бірыңғай көзқарас пен тәсілдерді қамтамасыз ету;
- ақпараттық-түсіндіру деректерін бірінші қолдан алу;
- нормативтік-құқықтық актілердің бірдей түсінілуін және түсіндірілуін қамтамасыз ету міндеттерін шешуге бағытталған.

82668750_2476447582567927_8508809127999307776_o.jpg
Өзгелердің жаңалығы