Елімізден көшетіндер азайған

7 Наурыз 2023, 17:30
1159
Бөлісу:
Елімізден көшетіндер азайған
Фото: inbusiness.kz

Қазақстанды тұрақты тұратын ел ретінде қарастыратын келушілер саны артты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ranking.кz-ке сілтеме жасап.

2022 жыл Қазақстанның сыртқы көші-қон векторын өзгертті.

Соңғы онжылдықта алғаш рет өзгеше үрдіс байқалды. Соңғы бір жылда эмигранттар саны 8 мың адамға – 32,3 мыңнан 24,2 мың азаматқа қысқарды.

Сонымен қатар, Қазақстанды тұрақты тұратын ел ретінде қарастыратын келушілер саны да арта түсті.

Егер 2021 жылы мұндай 11 мың шетелдік болса, 2022 жылы олардың саны 56,7 пайызға артып, 17,3 мың адамға жеткен.

Осы екі фактор көші-қон теңгеріміне елеулі әсер етті. Келгендерге қарағанда кеткендер көп болғанымен, жалпы үрдіс оң.

Миграция сальдосы, яғни кеткендер мен келгендердің айырмашылығы соңғы он жылда теріс болды. Жыл сайын бұл алшақтық арта түсті.

Егер 2014 жылы бұл көрсеткіш минус 12,2 мың болса, 2019 жылы Қазақстан халқы көші-қон ағынының жоғары болуына байланысты 33 мың азаматқа қысқарды.

Пандемия кезіндегі локдаунға байланысты кетушілер жоспары орындалмай қалды.

2020 жылы сальдо минус 17,7 мың болды. 2020 жылы кетуі тиіс болып кете алмай қалғандар 2021 жылы көшті.

Бұл бірден Ұлттық статистика бюросының статистикалық есептерінде көрініс тапты: кеткендер санының өскені байқалды, ал сальдо минус 21,2 мың адамға жетті.

Ал былтыр бұл айырмашылық небәрі 6,9 мың адамға дейін қысқарды.

Жалпы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2011 жылдан 2022 жылдың қазан айына дейін елден 367,1 мың адам кеткен.

Еңбекке жарамды эмигранттардың 38 пайызының - жоғары, 34 пайызының - орта кәсіптік білімі бар.

Сонымен қатар, соңғы 10 жылда елімізге келген жоғары білімі бар шетелдіктер саны екі еседен аса азайған.

2021 және 2022 жылдардағы эмигранттар санындағы айырмашылық негізінен Ресей Федерациясына кеткен қазақстандықтар санының азаюына байланысты болды.

Мұндай адамдар бірден 27,1% пайызға немесе 7,2 мың адамға азайды.

Көшіп кетуші славян қазақстандықтар саны да қысқарды. 2022 жылы Қазақстаннан кетуге шешім қабылдаған орыстар саны 5,7 мыңға — 21,8 мыңнан 16,1 мың адамға дейін қысқарды.

Көшіп кеткен украин мен белорус саны 700-ден астамға азайды. Статистикаға немістер де әсер етті: Қазақстаннан осы ұлттың 2,3 мың өкілі кеткен.

Қазақстанға келушілер санының артуына не әсер етті? Ресейлік қоныс аударушылар Қазақстанға келушілердің көбеюіне ішінара ғана әсер етті.

Қазақстанға қоныс аударған 17,3 мыңның ішінде ресейліктер тек үштен бірін немесе 5,9 мың адамды (бірақ айтарлықтай 2,4 мың адамға көбейген) құрады.

ҚР-ға көшіп келушілердің ең көп үлесін Өзбекстан азаматтары (6,5 мың адам, өсім 2,4 мың адам) құрап отыр.

Өзгелердің жаңалығы