Орал қаласындағы орыс драма театры еліміздегі тұңғыш өнер ордасы саналады. 1859 жылы сахна шымылдығын Александр Островскийдің "Кедейлік - кемшілік емес" ("Бедность — не порок") спектаклімен ашқан театрдың осы жылдар ішінде қол жеткен жетістігі аз емес. Ал жуырда тарихи ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары басталды. BAQ.KZ тілшісі аталған театр директоры Марат Қалиевпен тілдескен болатын.

-Марат Кеңесұлы, сіз жетекшілік ететін Орал драма театры еліміздегі ең байырғы театр екені баршаға белгілі. Өнер ордасы неліктен Островский атын иеленген?
-Сұрағыңызға рахмет! Орал драма театрының іргетасы 1858 жылы сол кездегі атаман Столыпиннің бастамасымен қаланды. Реформаторлығымен аты қалған Аркадий Столыпин Орал казактарының атаманы болып 1857 жылы тағайындалады. Бір жылда ағаштан театр ғимаратын салып бітіреді. Ең алғаш рет 1859 жылдың қыркүйегінде Островскийдің "Кедейлік – кемшілік емес" туындысы сахналанды. Одан соң аталған автордың "Кеш келген махаббат" спектаклі қойылады. Сол кезде театрға сұраныс зор болған. Аптасына екі-үш мәрте ел жиналып, тіпті кейбір қойылымдарға симфониялық оркестр сүйемел жасаған. Жалпы театр репертуарының қалыптасуына көрермен де ықпал еткен. Келушілер фойедегі сауалнамаға қай автордың қандай туындысын тамашалағысы келетінін жазып кететін болған. Ал 1880 жылдарға қарай Орал театры толық кәсіби өнер ұжымы болып қалыптасады. 1889 жылы ағаш театрдың орнына Фирс Макаров атты көпес-меценат кірпіштен ғимарат салып береді. Азамат соғысы жылдары Орал қаласы 80 күн ақ гвардияшылдардың қоршауында қалған кезде де театр қызметін тоқтатпаған. Күн сайын өз қойылымдарымен қызыл әскерлерді жігерлендіріп отырған. Сол шайқастардың бірінде өнер ордасына снаряд тиеді. Қанша жамап-жасқағанымен он шақты жылдан соң ғимарат жарамсыз боп қалады. 1929 жылы театр ұжымын Александр Невский соборына көшіреді. Бірақ ол ғимарат өрттен зардап шегіп, бірнеше жыл әртістер далада қалады. Тек 1940 жылы ғана қазіргі еңселі ғимарат салынады. 1960 жылы театрға талантты драматург Александр Островскийдің есімі беріледі. Шымылдығын алғаш Островскийдің шығармасымен ашқан театр кейін де жазушының ондаған туындысын сахналаған. Автордың өзі Оралға сан мәрте келген, мұндағы зиялы қауыммен жақсы таныс болған. Осы жылдар оралдықтар талай рет халықаралық фестивальде жүлде алды, өз қабілет-қарымымен өнер сыншыларын мойындатты. Актерларымыз талай байқаудың жеңімпазы, лауреаты атанды. Былтыр актриса Тамара Столярова "Парасат" орденінің иегері болды, бас режиссер Оксана Малуша "Құрмет" орденінің иегері болды.

- "Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы болмайды" дегенді Ғабит Мүсірепов айтып кеткен екен. Кез келген елді ерекшелейтін мәдениеті мен әдебиеті, тәрбиелейтін театры. Театрдың алдындағы міндеттер жөнінде әңгімелеп өтсеңіз?
- Дұрыс айтасыз, көрермен театрға ой түю үшін келеді. Театр өз көрерменін тәрбиелейді, көрерменнің деңгейі театрмен бірге өседі. Көрермен залда толып отырғанын көргенде әртістер де қанаттанады, шабыттанады. Біздің ұжым үнемі ізденісте. Тәжірибе алмасу мақсатында көршілес Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларына гастрольдік сапармен жиі шығып тұрамыз, алдағы уақытта Алматыға Лермонтов театрымен қарым-қатынасты жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Олар да бізге келгісі келеді. Шекараның аржағындағы Пенза қаласындағы театрмен шығармашылық байланыстамыз. Оған дейін Мордоваға, Саранск театрына барып келдік. Қазіргі біздің ойға алғанымыз - жұмысқа жаңа идеялар, заманауи сахналау әдістерін енгізу. Осы мақсатта режиссерымыз Руслан Жұмахметов Ресейдің театр қайраткерлері одағымен және ГИТИС-пен (Ресей театр өнері институты) байланыс орната алды. Біздің әртістер Мәскеудегі кәсіби курстардан өтіп келді. Уақыт талабына сай жастардың көңілінен шығу үшін жас режиссерлар тартып жатырмыз. Уфадан Алсу Самигуллина деген режиссер жуырда келу керек. Сонымен қатар шығармашылық лаборатория деген бар. ГИТИС түлектері 3-4 эскиз қояды. Солардың жақсы шыққандарын әрі қарай сахналап, көпшілік назарына ұсынамыз.

-Қандай тақырыптағы қойылымды көрермен жылы қабылдайды?
- Репертуар жөнінен бізде таңдау көп емес. Қолда барымен жұмыстанып жатырған жай бар. Былтыр америкалық драматург Нил Саймонның "Ақымақтар" драмасын сахналадық. Алда "Шоқан Уәлихановты" қойғымыз келеді. "Ботагөзді", Жайсаң Ақбайдың "Жәңгір ханын" көпшілікке ұсыну жоспарда. Жыл сайын репертуар жаңартуға тырысамыз. Себебі көрермен көңілінен шығу керек. Балалардан бастап әр буынның талғамы әртүрлі. Алайда Қазақстанда орыс тіліндегі драматургиялық туындылар өте аз. Орыс классиктері бар әрине. Бірақ қазіргі заманмен үндес шығармалар жеткіліксіз. Көрші елдерден орыс тілінде жазылған дүниелерді алып жіберіп, сахналай алмаймыз. Себебі авторлық құқық деген бар. Оның бәрі айналып келгенде қаржыға тіреледі. Идеология мәселесі тағы бар. Жалпы отандық авторларға тапсырыс берумен мемлекеттік органдардың бірі жұмыстану керек, дайын дүниелерді аймақтағы театрлардың бәріне тарату керек. Бұрын бізде мәдениет министрлігі жанында республикалық ғылыми-методикалық орталық болды. Сол орталық күллі кәсіби театрларда семинарлар ұйымдастырды және репертуар мәселесімен айналысты. Қазір өкінішке қарай ол жоқ. Әр театр өз күнін өзі көріп, өз қотырын өзі қасып жатыр.

-Сіз бұған дейін филармония, "Атамекен" өнер ордасы секілді бірқатар өнер ұжымдарын басқардыңыз, тәжірибеңіз жеткілікті. Дегенмен театрдың тізгінін ұстау қиын соққан жоқ па? Актерлар "асау" халық дегендей...
- Әрбір шығармашылық адамы "Мен" демесе жетістікке жете алмайды. Ол өнер адамдарына ортақ қасиет. Актерлардың ерекшелігі образға кіретіндігінде, тек бір жанрда жүрмейтіндігінде. Олар бізге бір күнде комедияны да, трагедияны да қойып береді. Өзім де өнер адамы болғасын ұжыммен тіл табысып, жұмыс істеп жатырмын, алда көптеген жоспарлар бар.

-Театр құрамы жасарды ма? Кейінгі толқынның ізденісіне, шеберлігіне көңіліңіз тола ма?
- Театр құрамы жаңаруы табиғи процесс. Жыл сайын жоғары оқу орнын бітірген жас мамандар жұмысқа келіп жатыр. Олар аға буынның жылдан бойы жинаған тәжірибесін бойына сіңіріп, соны жастық максимализммен ұштастырып, күнделікті тәжірибеде қолдануда. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмесін деп тілейміз! Біздің жастар негізінен жергілікті Батыс Қазақстан Университетінен білім алады. Жақын жердегі іргелес Самара, Саратов қалаларындағы мемлекеттік мәдениет университетерінен шеберлік шыңдайды. Актер, режиссер тұрғысынан ұжымда тапшылық жоқ. Бізді қинайтыны техникалық мамандар жетіспеушілігі. Себебі қазір жарық қою болсын, дыбыс болсын, барлығы цифрлық форматқа көшті. Жаңа жабдықтармен жұмыс істеу үшін жоғары білім керек. Осыдан 4 жыл бұрын "Атамекен" өнер ордасын ашқанда семинарлар өткіздік. Ақтау, Атырау, Қызылорда, Ақтөбеден осы сала мамандары бірі қалмай келіп қатысты. Себебі цифрлық құралдардың мүмкіндігі өте көп. Көпшілігі оны біле бермейді. Сол кезде ең мықты деген дыбыс операторлары айтады, "біз қазір мүмкіндіктердің тек 50% пайдаланып жүрміз", - деп. Ал техникалық мамандықтарға тиісті деңгейде бізде Темірбек Жүргенев атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында да оқытпайды, өзге жоғары оқу орындарында да ондай факультет, бөлім жоқ.

- Театр өмірдің айнасы, қоғамның бір бөлшегі десек, бүгінде қоғамның, соның ішінде орыстілді ортаның театрға талабы һәм сұранысы қандай? Қандай қойылымдар күні бүгін өзекті?
-Театрға сұраныс қай заманда да болған, қазір де бар, болашақта да кемімейді. Өйткені ең түсінікті өнер – ол театр. Сөзбен өрнектелген ой-идея жұртшылықтың жүрегіне тез жетеді. Мәселен, көркемсуретті алсақ, көпшілікке оны түсініп-түйсіну үшін дайындық керек. Сюрреализмді қабылдайтындар аз. Кубизм жанрында картина жазған Сальвадор Далидың мұралары да жалпақ жұрттың көңіліне қонған жоқ. Біздің оралдық белгілі қылқалам шебері Сәкен Ғұмаровты да көп кісі түсінбей кетті. Музыкада джаз да солай. Джаз әуендерін көрерменнің тек 5-7% ғана тыңдайды. Ал театрда көрермен драманы да, комедияны да қабылдайды, опереттаны да түсінеді. Келешекте музыкалық спектакльдерді қойсам деген бір ішкі жоспарым бар. Өмір бір орында тұрмайды, болашақта театр музыкалық драма театры болып кетуі де мүмкін. Себебі көрермен көңілінен шығу керек, заман ырғағымен бірге алға адымдау керек.

- Бүгінгі күні өнер өкілдерінің жағдайы нешік? Театр таланттарына күнделікті тұрмыс-тірлік тауқыметіне алаңдамай, шығармашылықпен шындап шұғылдануға мүмкіндік бар ма?
-Мәдениет, өнер саласында баяғыдан фанатиктер жұмыс істеп келді. Қазір де солай. Өйткені бұрыннан қалған қаржы бөлудегі «қалдық қағидаты» әлі жойылған жоқ. Театр болсын, филармония болсын ең төменгі жалақы осы мәдениет саласында. Күні кеше білім беру саласы қызметкерлерінің еңбекақысын көтергенде, мәдениет бұрынғы күйінде қалып қойды. Бірақ біз спектакль қоямыз, ақылы қызметтер көрсетеміз, сол арқылы әртістерге қосымша төлем жасауға тырысамыз. Сосын бізді баспана мәселесі қинайды. Театр жанында жатақхана бар 4 бөлмелі жас мамандарға арналған. Ол жеткіліксіз. Бізде екеуі де театрда істейтін 4-5 ерлі-зайыптылар бар жаңадан келген. Сондай отбасыларға қамқорлық керек. Бұл мәселелер ескерілер, жуық жылдары шешімін табар деп үміттенеміз және сенеміз!
- Осыдан бірер ай бұрын театр ғимаратында күрделі жөндеу басталды. Тарихи ғимараттың көне келбетін жаңғырту жұмыстары жөнінде баяндап кетсеңіз?
-Театр ғимараты 2003 жылдан бері жөндеуден өткен жоқ. Жағдайы мәз емес. Екі жыл бұрын мен осында жұмысқа келгенде екінші қабатта 200-ге жуық шылапшын тұрды, шатырдан тамшылаған суды ұстауға. Содан төбені амалдап уақытша бітегендей болдық. Енді биыл күрделі жөндеу бойынша ғылыми-жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл мақсатқа 593 миллион теңге қаралған. Қазір біз уақытша Гагарин көшесіндегі Халық шығармашылығы орталығына көштік. Барлық жұмыстарды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазреставрация» республикалық мемлекеттік кәсіпорны атқарып жатыр. Сәулет және инженерлік технологиялар саласындағы өңірдегі және еліміздегі жетекші мамандар тартылған. Соның алдында ғылыми-жобалық құжаттама жасалды. Тек сыртқы кескіні емес ішіндегі құрал-жабдықтары ауыстырылады. Содан кейін жарық қою, дыбыс беру мүмкіндіктері артады деп сенеміз. Барлық инженерлік-коммуникациялар, жылыту жүйесі, вентиляция, кәріз жүйелері, өртке қарсы қондырғылары да түгел жаңартылмақ. Келісім бойынша құрылысты аяқтау мерзімі жылдың соңы. Бірақ қазір аймақ басшылығы мердігерден жөндеу жұмыстарын күзге дейін тәмамдауды сұрап отыр. Өйткені, өзіңіз білесіз, күзде Қазақстан мен Ресей аймақтарының шекаралас әріптестік форумын Орал қаласында өткізу жоспарланған.
-Әңгімеңізге рахмет! Театр ұжымына шығармашылық табыс тілейміз!