Еліміздегі ақылы жолдардан жиналған қаражат қайда жұмсалады?

1 Қыркүйек 2020, 17:20
1302
Бөлісу:
Еліміздегі ақылы жолдардан жиналған қаражат қайда жұмсалады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінде елімізде жалпы ұзындығы 682 шақырымды құрайтын 4 ақылы учаске бар.

Бұл Нұр-Сұлтан-Щучинск, Нұр-Сұлтан-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас автожолдары.

Ақылы учаскелердегі төлемақы мөлшері Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен, автокөліктің жүк көтергіштігіне байланысты бекітілген, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ.

Өткізу пунктінде кептелісті болдырмас үшін алдын-ала төлем жүйесі енгізілген. Жеңіл автокөліктер үшін арнайы дифференциалды тариф те бар. Яғни, алдын-ала төлем жасаған автокөліктердің төлемақысы екі есе арзан. Сондай-ақ, ақылы автожолдың маңайындағы елді мекендерде тіркелген автокөліктерге құны 1000 теңгені құрайтын 1 жылдық абонемент қарастырылған.

2019 жылдың қорытындысы бойынша төрт ақылы учаскеден жиналған қаражат 5 389 млн теңгені құрады. Оның ішінде: «Нұр-Сұлтан-Теміртау» - 1 729  млн. теңге, «Нұр-Сұлтан-Щучинск» - 1 700 млн.теңге, «Алматы-Қорғас» - 988 млн. теңге және «Алматы-Қапшағай» 972 млн.теңге. Сондай-ақ, бір жыл ішінде (2019 жылы) барлық ақылы учаске бойынша 10,5 млн автокөлік жүріп өткен, – делінген хабарламада.

«Автомобиль жолдары туралы» Заңына сәйкес:

Жалпыға ортақ пайдаланылатын халықаралық және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарымен (жол учаскелерімен) жүріп өту үшін ақы алудан түскен ақша мыналарға:

      1) ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) жөндеуге және күтіп-ұстауға, жүріп өту үшін ақы алудың бағдарламалық-аппараттық кешенін күтіп-ұстауға;

      2) жүріп өту үшін ақы алудың бағдарламалық-аппараттық кешенін енгізу және орнату мақсаты үшін тартылған инвестицияларды қайтаруға;

      3) автомобиль жолдарында (жол учаскелерінде) ақылы қозғалысты ұйымдастыруға;

      4) ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) күтіп-ұстау үшін жол-пайдалану техникасын сатып алуға және оған қызмет көрсетуге байланысты шығыстарды қаржыландыруға бағытталады.

Осылайша, жиналған 5 389 млн теңге және 77,8 млң теңге көлеміндегі қосымша табыс төмендеглерге жұмсалды:

- 2 690,1 млн теңге автожолды күтіп-ұстау және жөндеуге;

- 1 401,3 млн  теңге бағдарламалық-аппараттық кешенді күтіп-ұстауға;

- 594,6 млн  теңге қосымша құн салығы мен корпоративтік табыс салығына;

- 14,2 млн  теңге қосымша шығындарға;

- 543,4 млн  теңге жол-пайдалану техникасы мен төлем қабылдау пунктіне қажетті жабдықтарға;

- шығыннан артылған 223,2 млн теңге көлеміндегі қаражат республикалық бюджетке аударылды.

2019 жылы бағдарламалық-аппараттық кешенді жөндеу және күтіп-ұстау, сондай-ақ, «Нұр-Сұлтан-Щучинск» ақылы автожолын жөндеу және күтіп-ұстау бойынша жұмыстарды «Ақылы автомобиль жолдары Дирекциясы» филиалы жүргізді. Ал, «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Алматы-Қапшағай» және «Алматы-Қорғас» учаскесіндегі жұмыстарды «Қазақавтожол» ЖШС мердігер ұйымы жүзеге асырған.

Өзгелердің жаңалығы