Еліміздегі 18 мыңнан астам кәсіпорын E-HR жүйесіне қосылған

9 Тамыз 2019, 09:58
1429
Бөлісу:
Еліміздегі 18 мыңнан астам кәсіпорын E-HR жүйесіне қосылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінде E-HR қызметіне 18 389 кәсіпорын қосылып, 792 731 келісім-шарт тіркелген. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады. 

Тіркелген еңбек келісім-шарттарының ішінде бастауыш сынып мұғалімі кәсібі алдыңғы қатарда - 41 мыңнан астам келісімшарт. Ұйымдарды E-HR қызметіне тарту жұмыстары әлі де жалғасуда.

Айта кетейік, өткен жылы елімізде электрондық еңбек келісімшарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылды. Жүйеде тіркелген сұранысқа ие мамандықтар тізіміне балабақша тәрбиешісі, қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері, медбике (мейіргер), санитар, қарауыл кіреді. 

«Біз үшін жүйеде жұмыс берушілердің еңбек шарттарын мейлінше көп тіркеуі маңызды. Өйткені, бұл өздері үшін де, құжаттар жинауда көп уақытты үнемдейтін қызметкерлер үшін де ыңғайлы. Сонымен қатар, жүйеде еңбек шартының болуы оларды ықтимал әлеуметтік қатерлерден қорғайды. Жүйе электрондық құжат айналымына көшуге ықпал ететіндіктен жұмыс берушілер шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік алады», - деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев.

Жұмысқа қабылдау тарихы еңбек келісім-шарттары туралы тіркелген мәліметтер негізінде автоматты түрде жасалады, қызметкердің жалақысы жүйеде тіркелмейді. Өтініш берушінің жеке мәліметтеріне жұмыс беруші тарап оның келісімін алғаннан кейін қол жеткізе алады. 

Бұдан басқа, қызметкерлерді іріктеу 2020 жылдың басынан бастап қолжетімді болатын қызметкердің жеке ісін қалыптастыру сервисінің арқасында анағұрлым сапалы болады. Қызметкердің еңбек өтілі мен оның еңбек кітапшасының электрондық форматтағы көрсетілуі зейнетақыны белсенді түрде тағайындауға мүмкіндік береді. Электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ-мен әзірленіп, "Цифрлық Қазақстан"мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында енгізілгенін айта кету керек.



Өзгелердің жаңалығы