Қазақстанда заңсыз қару айналымына қарсы күрес күшейтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 900-ден астам қару тәркіленген. Оның ішінде Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 74 қару бар. Сондай-ақ айналымнан төрт мыңнан астам оқ-дәрі алынған.
27-29 сәуір аралығында республика көлемінде «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасының екінші кезеңі өтті. Үш күн ішінде 67 дана атыс қаруы мен 200-ден астам оқ-дәрі тәркіленді.
Мәселен, 27 сәуірде Алматы қаласында полиция қызметкерлері Сайран көлі маңынан қару-жарақ дүкенінен ұрланған қаруды анықтаған.
ІІМ өкілдері азаматтарға заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсырудың маңыздылығын ескертеді. Мұндай жағдайда тұлғалар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
Ведомство қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрғындарды заңсыз қаруды тапсыруға шақырды.