Елімізде «жұртқа жақын полиция» пайда болды ма

31 Тамыз 2023, 17:01
2376
Бөлісу:
Елімізде «жұртқа жақын полиция» пайда болды ма
Фото: BAQ.KZ

1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды. Осыдан 1 жыл бұрын ол Ішкі істер министрлігінің жұмысына ерекше тоқталып, бірқатар реформалар ұсынған еді. Осы орайда BAQ.KZ тілшсі осы кезге дейін атқарылған жұмыстың нәтижесіне үңіліп көрді.

«Жұртқа жақын полиция»

Қазіргі кезде Ішкі істер министрлігінде реформа жүріп, онда «жұртқа жақын полиция» қағидатын орнықтыру үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Пилоттық жоба аясында қол жеткен жетістіктер де жоқ емес.

Президенттің айтуынша, полиция халықтың құрметіне ие мамандықтың бірі болуы керек. Сондықтан қазір ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіруге баса мән беріліп, полиция қызметінің сервистік моделі енгізіліп жатыр.

Тәртіп сақшыларының қызметі оңай емес. Бұл белгілі. Күн-түні жұмыс істейтін кездер жиі болады. Қауіп-қатер де бар. Тәулік бойы, яғни 24 сағат бойы сақадай сай болу үшін ерекше қажыр-қайрат пен төзімділік қажет. Себебі қиын жағдайға тап болған жандар, ең алдымен, полициядан көмек күтеді. Азаматтарымыз сіздерге мемлекеттің, яғни биліктің өкілі ретінде қарайды. Қауіп-қатерден қорғайды деп сенеді. Сондықтан сіздерге әрдайым орасан зор жауапкершілік жүктеледі, – деді Тоқаев.

Елімізде «жұртқа жақын полиция» пайда болды ма

Зорлық-зомбылыққа қарсы күрес

Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды, - деген еді Президент сол кезде.

Статистика сүйенсек, соңғы 2,5 жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осындай құқық бұзушылықтар бойынша 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақтылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Яғни біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елімізде «жұртқа жақын полиция» пайда болды ма

Есірткіге қарсы күрес

Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел, - деген еді Президент.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, есірткіге қарсы күреске 2 мыңнан астам азамат қамтылып, 10-ға жуық үкіметтік емес ұйым тартылды. Сондай-ақ кешенді жоспар қабылданып, нақты бағыттар белгіленді. Бұл:

  • есірткі ахуалын тереңінен талдау және оның даму тенденциясы;
  • есірткі айналымын бақылау саласында нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру;
  • жаңа сын-қатерлерге және қазіргі заманғы есірткі қылмысындағы қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру;
  • нашақорлықтың алдын алу, емдеу және есірткіге тәуелді адамдарды оңалту жүйесін өзектендіру;
  • есірткінің және прекурсорлардың заңды айналымын және осы салада сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету;
  • халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.
Елімізде «жұртқа жақын полиция» пайда болды ма

Адам саудасына қарсы күрес

Елімізде адам саудасы және онымен тең келетін еңбекті қанау – адам құқығын бұзатын өзекті проблема. Бұл мәселе әлем елдерінде ғана емес, Қазақстанда да алаңдаушылық тудырады.

ІІМ осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда, мәжбүрлі еңбекті анықтау үшін шаруа, фермер қожалықтары, құрылыс объектілері, жыныстық пайдалану фактілерінің жолын кесу үшін монша кешендері мен қонақ үйлер тексеріліп, интернет желісі де бақыланады.

Мәселен, Алматы облысында кәмелетке толмағанды саудалау фактісі анықталды. Облыстың 39 жастағы тұрғыны өзінің жаңа туған ұлын сатып жібергені белгілі болды. Бұл дерек 2021 жылдың желтоқсанында орын алған. Әйел баласын ерлі-зайыпты жұпқа заңсыз асырап алу мақсатында жарты миллион теңгеге сатқан.

Қарағанды облысында еңбекке еріксіз жегу фактісі анықталды. Шаруа қожалығының басшысы бірнеше жыл бойы зорлық-зомбылықпен, сондай-ақ өзіне қарыз екенін пайдаланып, 52 және 30 жастағы екі тұрғынды жұмысқа салған.

Ер адамдар үй шаруашылығымен, техниканы жөндеумен және мал күтімімен айналысуға мәжбүр болған. Қашуға тырысқанда олар қожалыққа қайта қайтарылып, жазаланып отырған. Шаруа қожалығына жақын трасса 65 шақырым жерде орналасқан.

Елімізде «жұртқа жақын полиция» пайда болды ма

Заңсыз көліктерге қарсы күрес

2022 жылдың 1 қыркүйегінде елімізде автосақтандыру полисімен 300 мыңнан астам көлік жүрді. Автосақтандырулардың ең көбі Ресейден келген автокөліктерге берілген, олар шамамен 260 мың, Қырғызстан автокөліктері – 25,5 мың және Армения көліктері – 18 мың болды.

Қазақстан жолдарындағы бұл жағдайды реттеп, көліктерді заңдастыру оңайға соқпады. Сол кезде бұл мәселеге президент Қасым-Жомарт Тоқаев баса назар аударып, Жолдау кезінде проблемены шешудің жолын ұсынды.

Автокөлік сатып алу кезінде төленетін алым-салық мәселесіне жеке тоқталайын. Кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер баршаға мәлім. Заң аясынан тыс қалып отырған мұндай көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара, - деген еді сол кезде президент.

Осыдан кейін Ішкі істер министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автомобильдерді заңдастыру бойынша жұмысқа кірісті. Біз бұл туралы мына материалда жан-жақты тоқталған едік.

Елімізде «жұртқа жақын полиция» пайда болды ма

Киберқауіпсіздік

Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн, - деп айтылған еді Жолдауда.

Расымен де соңғы кезде киберқылмыс пен интернеттегі алаяқтық азаматтарға үлкен залал әкелуде. Қылмыскерлер «ақша ұрлаудың» жаңа жолдары мен әдістерін ойлап табуда.

Аталмыш қылмыс түрімен күресу үшін ІІМ «CyberPol» пилоттық жобасын іске қосты. Бұл жоба цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау және халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыруды көздейді.

Мәселен пилоттық жоба өткен жылдың 1 желтоқсанынан бастап елорданың «Есіл» ауданы ПБ жанындағы полиция бөлімінің аумағында іске асып жатыр.

Құрамында 5 тергеуші, 5 жедел уәкіл және 1 ІТ-криминалисті бар «CyberPol» тобы аз уақыт ішінде 234 интернет-алаяқтықты ашып, сотқа 184 қылмыстық іс жіберді.

Мұнда жұмыс «бір терезе» қағидаты бойынша жүреді. Яғни, жасалған қылмыс бойынша шұғыл тергеу әрекеттерін бір уақытта бір жерде тергеуші, криминалист және жедел қызметкер жүргізеді. Адам бұрынғыдай арыз қалдыруға, оны қарауға, тағы да басқа дүниелерге уақыт жоғалтпайды.

Орталықта цифрлық зертхана жұмыс істейді, онда мамандар гаджеттерге техникалық тексерулер жүргізіп, алаяқтық әрекеттер жасалған бағдарламаларды анықтайды.

Елімізде «жұртқа жақын полиция» пайда болды ма

Азаптау азайып келеді...

ІІМ деректері бойынша еліміздегі колонияларда азаптау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу саны 83%-ға қысқарды.

Биыл Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде азаптау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінің саны 41-ден 7-ге дейін, сотталғандардың шағымдарының саны 48-ден 19-ға дейін қысқарды. 2019 жылы бұл көрсеткіш сотқа дейінгі тіркелген 200 тергеуді құраған еді.

Ведомство соңғы жылдардағы оң динамиканы атап өтті.

Жағдайды түбегейлі өзгерткен маңызды жаңалықтардың бірі – үздіксіз бейнебақылауды енгізу болды. Бүгінгі таңда 78 пенитенциарлық мекеменің 52-сінде 22 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Мониторинг барысында операторлар арнайы контингент жасаған 8 мыңнан астам бұзушылықты анықтады. Сонымен қатар сотталғандар жасаған қылмыстар саны да 16%-ға қысқарды, - дейді полицейлер.

Елімізде «жұртқа жақын полиция» пайда болды ма

Жол қауіпсіздігі басты назарда

Бүгінде Ішкі істер министрлігі жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдардағы өлім-жітім деңгейін төмендету мақсатында заманауи цифрлық шешімдерді, автоматты стационарлық және мобильді камераларды пайдалану бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр.

Соның нәтижесінде жол-көлік оқиғалары 11%-ға, жарақат алғандардың саны 7%-ға, ал қаза тапқан жаяу жүргіншілердің саны 24%-ға азайып отыр.

Сондай-ақ көлік жүргізушілер тарапынан жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу, қауіпті жүргізушілер мен жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін анықтау бойынша енгізілген «Қорғау» жүйесі де өз жемісін көрсетіп жатыр.

Министрдің тапсырмасына сәйкес біз «Қорғау» жүйесін Шымкент қаласында іске қостық. Бұл қосымша стационарлық камералар арқылы қауіпті жүргізушілерді анықтап, патрульдік полиция қызметкерінің қызметтік планшетіне жіберіп отырады. Осының негізінде жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдалану арқылы жауапкершіліктен жалтарып жүрген жүргізушілерді де анықтадық, – деді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов.

Өзгелердің жаңалығы