Елімізде ЖИ көмегімен ҰБТ тапсыру жеңілдетілмек

Бөлісу:
Елімізде ЖИ көмегімен ҰБТ тапсыру жеңілдетілмек
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Ғылым және жоғары білім министрлігі жасанды интеллект платформасында 5 жобаны әзірлеуді бастап кетіпті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Орталық коммуникациялар алаңында "Ғылым мен жоғары білім беруді цифрландыру" тақырыбында брифинг өткізген министрлік өкілдері елімізде жасанды интеллект бағыты бойынша кадрлар даярлауға үлкен көңіл бөлініп отырғанын айтты. Былтыр "Жасанды интеллект негіздері" пәнінің ұсынылатын мазмұнын, сондай-ақ білім беру процесінде ЖИ пайдаланудың жалпы принциптерін айқындайтын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде ЖИ қолдану бойынша ЖОО аралық стандарт бекітілді.

Елімізде ЖИ көмегімен ҰБТ тапсыру жеңілдетілмек

Сондай-ақ министрлік жоғары білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына ЖИ қолдану бойынша құзыреттерді игеруге бағытталған пәндерді барлық білім беру бағдарламаларына енгізуді көздейтін өзгерістер енгізді. Осыған байланысты 20 ЖОО базасында ЖИ бойынша 20 білім беру бағдарламасы енгізілді, олар бойынша магистранттар мен докторанттарды қоса алғанда, 2196 студент оқиды, - дейді ҒЖБМ Цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету департаментінің директоры Нұрсұлтан Махатов.

Елімізде жасанды интеллект бойынша жобаларға келетін болсақ, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік цифрландыру министрлігімен бірлесіп, ұлттық ЖИ платформасында 5 жоба жасауды жоспарлауда:

1. 2025 жылы ҰБТ өткізудің нормативтік ережелері, статистикалық ақпарат, грантқа түсу кезіндегі сұрақтар бойынша консультативтік AI Talapker чат-бот әзірленеді;

2. ҰБТ тапсыру кезінде академиялық адалдықты арттыруда ЖИ қолдану;

3. Сондай-ақ ҰБТ үшін тест тапсырмаларын әзірлеу үшін ЖИ енгізу;

4. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының ғылым бойынша ЖИ көмекшісі;

5. Грамматиканы, пунктуацияны және стильді тексеруге арналған интеллектуалды құрал QAZGRAMMA – білім беру және кәсіби ортада қазақ тілінде сауатты жазбаша тілді дамытуға көмектеседі.

Біз жасанды интеллектінің болашақтың негізгі технологиясына айналатынын, экономикалық өсімге, еңбек нарығына және азаматтардың күнделікті өміріне әсер ететінін түсінеміз. Осыған байланысты, елдің жоғары технологиялар саласындағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Министрлік жасанды интеллект саласында адами капиталды дамытуға бағытталған AI-Sana инновациялық бағдарламасын бастады. Бастама 100 мың студентті қамтып, оларға экономиканың негізгі салаларына ЖИ енгізу үшін білім мен дағдыларды береді, - дейді Нұрсұлтан Махатов.

AI-Sana бағдарламасы жас таланттарды қолдауға және DeepTech стартаптарын құруға бағытталған. Әлемнің жетекші сарапшыларының қатысуымен әзірленген жобаның жетекшісі – Стэнфорд университеті Кәсіпкерлік бағдарламаларының авторы Пол Ким. Бұл бағдарлама жоғары оқу орындарының білім беруден ғылыми-зерттеу тәсіліне көшуіне ықпал ете отырып, студенттер мен оқытушылардың ойлауын өзгертуге арналған. 

Өзгелердің жаңалығы