Қазақстанда жасалған тікұшақ Тәжікстанға тапсырылды

28 Қазан 2019, 23:37
2474
Бөлісу:
Қазақстанда жасалған тікұшақ Тәжікстанға тапсырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Қазақстанда жасалған экспорттық тікұшақты Тәжікстанға салтанатты тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлады ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұл борт Тәжікстандағы Airbus Helicopters-тің алғашқы тікұшағы. Тікұшақты "Еурокоптер Қазақстан Инжиниринг" ЖШС (50%) мен Airbus Helicopters компаниясы (50%) бірлесіп жинады.

Еурокоптер зауытында өткен тікұшақты тапсыру салтанатына индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов, Airbus Helicopters, Қазақстан инжиниринг, KazakhExport компаниялары басшылығының, әлеуетті қазіргі тапсырыс берушілердің өкілдері қатысты.

"Бүгін ұсынылған тікұшақ – өз класындағы басқа бір қозғалтқышты тікұшақтардан асып түсетін сенімді және заманауи машина. Бұл модель Эверест тауына ұшу мен қонуды орындап, әлемдік рекорд орнатты", - деді вице-министр.

Аталмыш жоба "KazakhExport" экспорттық сақтандыру компаниясы" АҚ қаржыландыруымен, қолдауымен жүзеге асырылды.

"Еурокоптер Қазақстан Инжиниринг" ЖШС – Airbus Helicopters тікұшақтарын сатумен, ЕС145, Н125, Н130 тікұшақтарын өндірумен, оларға техникалық қызмет көрсетумен, сондай-ақ, техниктер мен ұшқыштарды орыс және ағылшын тілдерінде оқытумен айналысатын ТМД және Орта Азия елдеріндегі жалғыз кәсіпорын.

Тікұшақтардың ұшу жарамдылығын қолдау, сондай-ақ, оларды жөндеу және техникалық қолдау қызметтерін көрсету мақсатында зауыт жанынан сервистік орталық ашылған болатын. Орталық кәсіпорынның қоймасындағы бөлшектер мен құрал-саймандардың қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Мұнда жоғары технологиялық жабдық та бар. Білікті мамандардың жедел қызмет көрсетуі сапа, өндіріс және қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне кепілдік береді.

Өзгелердің жаңалығы