Елімізде жануарларға ЖСН берілуі мүмкін

23 Желтоқсан 2021, 17:01
1584
Бөлісу:
Елімізде жануарларға ЖСН берілуі мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев хабарлады. Оның айтуынша, елдегі ветеринария саласын цифрландыруға ерекше маңыз беріледі.

Қазіргі уақытта біз жаңа бағдарламалық өнімнің алғашқы жұмыстық нұсқасын әзірлеуді аяқтап жатырмыз. Бұл жергілікті жерден ақпарат қалыптастыру, оны Жануарлар туралы орталық дерекқорға беру процестерін толығымен автоматтандыруға және осы процестердің барлығына адами фактор әсерін болдырмауға мүмкіндік береді. Ветеринариялық маманда осы бағдарламаның мобильді қосымшасы болады, ол оны қағазбастылықтан босатады, - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар ол жануарларға  жеке сәйкестендіру нөмірінің берілуіне қатысты пікірін алға тартты.

Жануарда адамның жеке сәйкестендіру нөмірі сияқты бір ғана сәйкестендіру нөмірі болады деп болжануда. Ол жануардың өмірлік циклінің бүкіл кезеңінде тері астындағы чипте орналасады. Келесі жылы аталған бағдарламаны бір ауданның базасында тестілік режимде сынақтан өткізіп, толық пысықталғаннан кейін 2023 жылдан бастап республика бойынша кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті АШМ министрі.  

Еске сала кетейік, бұған дейін министр Қарашөкеев ветдәрігерлер қаңғыбас ит пен мысықты аулауға міндетті емес екендігін айтқан болатын.

 

Өзгелердің жаңалығы