Елімізде жаңа мыс зауыты ашылады

27 Ақпан 2023, 19:36
1169
Бөлісу:
Елімізде жаңа мыс зауыты ашылады
Фото: Хабар 24

Елімізде тағы бір мыс өңдеу зауыты салынады. Өндірістік жобаны өзбекстандық кәсіпкер қолға алып отыр. Кәсіпорын екі елдің шекаралас аймақтарының бірінде бой көтеруі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар 24 сілтеме жасап.

Қазір Индустрия министрлігі мен Өзбекстандағы Қазақстан елшілігі инвестормен жаңа келіссөзді бастап кетті. Жобаға 100 млн доллар қаржы құйылады. 

Бұл – Ташкенттегі керамикалық бұйымдар зауыты. Құрылтайшысы - жергілікті кәсіпкер. Жылына 7 млн шаршы метр өнім шығарады. Дайын тауардың 30% Қазақстанға экспортталады. 

Енді инвестор біздің елге 100 млн доллар инвестиция құюға бекініп отыр. Әуелі технологиялық процесі озық керамикалық зауыт ашпақ. Өндіріс көлемін жылына 15 млн шаршы метрге жеткізіп, жүздеген жұмыс орнын құру ниеті бар. 

 3Д принтер жұмыс істеп тұр. Сонымен керамикалық бұйым әрленеді. Шикізат толыққанды жергілікті. Сырттан тасымалданбайды. Өзбекстанда осындай тағы екі зауытымыз бар. Үшіншісін таяуда іске қосамыз. Жалпы өндіріс көлемі 20 млн шаршы метрге жетеді, - дейді зауыт инженері Рустам Зияев.

Инвестор Ташкенттегі Қазақстан елшілігі және еліміздің Индустрия министрлігіне тағы бір ілкімді жоба ұсынып отыр. Яғни мыс өңдеп көрмек. Кәсіпкер біраз жыл бұрын өз елінде металл бұйымдарын жасауды қолға алған. Бұл іске Алматыда білім алып, металлургия саласын озық меңгерген мамандарды тартады. Енді Қазақстан нарығына шығуды көздеп жүр.

Қазақстанда металл көп. Өндіріс көлемі Өзбекстаннан төрт есе жоғары. Жыл сайын бізде 130-140 мың тонна мыс шығарылса, сіздерде көрсеткіш 450 мыңнан асады. Ондағы концентрат да біздегіден көбірек. Сондықтан Қазақстанда мыс өңдеу зауытын ашу өте тиімді дер едім,- деді керамикалық зауыттың құрылтайшысы Ұлықбек Расулов.

Біздегі ауқымды шикізат базасы шетелдік инвесторларлар үшін тартымды. Жер қойнауынан шығып жатқан кеннің құрамында түсті метал, әсіресе алтын мен күмістің мөлшері мол. Ал жаңа мыс өңдеу зауыты Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекаралық өңірлердің бірінде салынуы мүмкін. 

Атап айтқанда, Шымкент және Тараздағы индустриялық аймақтар қарастырылып жатыр. Жалпы мыс өңдеу саласында өзбекстандық кәсіпкерлердің тәжірибесі мол. Көршімізде металл бұйымын шығаратын зауыттар саны 10-нан асады.

Өзгелердің жаңалығы