Алматы, BAQ. KZ тілшісі. Алматыда өткен брифинг барысында отандық компанияның бас директоры Бекнұр Несіпбаев елімізде құрастырылған көліктерді отандық деп санауға келе ме деген сауалға жауап берді.
Оның айтуынша, құрастырылған көлік төңірегінде сын пікір көп, дегенмен көлік өндірісі бойынша қазіргі жетекші елдер алдымен көлік құрастырудан бастаған.
Біздің зауыт 2019 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Қазір көлік құрастырудың екінші желісі іске қосылды. Көліктің бөлшектерін әкеліп өзімізде құрауға қатысты теріс пікірлер бар, алайда әлем бойынша автопром қалай дамитынына мән берген жөн. Мәселен, бір шетелдік компанияны алайық. Олар 1967 жылы құрылған кезде бірден көлік шығармаған. Өйткені тәжірибе жетіспеді, қажетті мамандар болмады. Сондықтан олар импорттық көлікті алып, соны құрастыра бастайды. 10 жыл көлемінде көлік құрастырумен айналысқан соң барып қана өндіріске тереңдеп ене бастады,-дейді ол.
Несіпбаев Қазақстанда да көлік құрастырып, солардың жолымен келе жатқанын айтады.
Біз 1,5 жылдың ішінде екінші көліктің моделін құрастыруды қолға алдық. Ол жерде тек дөңгелегін салып қана қоймаймыз, дәнекерлеу жұмыстары, сырлау және барлық бөлшектерін құрастыру іске асырылады. Алдағы 5-6 жылда дәнекерлеу мен сырлау жұмыстарының үлесі арттыру көзделіп отыр. Оның үлесі артқан сайын өнім көлемі де ұлғая береді. Ал, көлемі ұлғайғанда өзге бөлшектерін өндіру іске қосылады,-дейді компания директоры.
Сонымен қатар алдағы уақытта ұлттық брендтегі көлік шығаруға қатысты ойын айтты.
Біз жаңа бренд ойлап табамыз деген жаңсақ ойдан аулақпыз. Ол болмайды. Қазір өзінің ұлттық брендін шығарып жатқан ондаған елдің өнімі көбінде көшірме болып келеді. Олар ірі автокенцерндердің лицензиясы аясында өз брендтерін шығарып отыр. Біз ондайға бармаймыз. Қазіргі мақсатымыз шетелдік компаниямен арадағы жұмысты дамыту, оған қоса Қазақстанға әкеліп құрастыру бойынша өзге компанияларды іздейміз,-деді Бекнұр Несіпбаев.
Сонымен қатар ол елімізде шығарылып жатқан кей көліктердің 5 пайызы ғана жеңілдетілген 4%-бен сатылып жатқанын жеткізді.
Сатылған кей көліктердің 5 пайызы ғана жеңілдетілген несиемен берілген. Еліміздің аумағында сатылған осы көліктің 95%-ы қолма-қол ақшаға немесе екінші деңгейлі банктердің бағдарламасымен сатылған. Сондықтан жеңілдетілген несиеге аударылайын деп отырған қаржы көліктеріміздің сатылымын арттырады дегенге келіспеймін. Биыл еліміздің нарығы үшін 32 мың осындай көлікті өндіру жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 10 мың көлікке артық,-деді ол.