102, SOS батырмасы. Полицияны цифрландыру қалай жүргізіліп жатыр?

24 Ақпан 2022, 16:45
3435
Бөлісу:
102, SOS батырмасы. Полицияны цифрландыру қалай жүргізіліп жатыр?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі күні елімізде цифрландыру қарқынды жүріп жатыр. Соның ішінде полицияны цифрландыру заман талабы екенін айта кеткен жөн. АжБД Озық технологиялар басқармасының бас маманы Әділ Сәрсенов ішкі істер органдары саласында жүргізіліп жатқан цифрландыру процесі туралы әңгімелеп берді.

102, SOS батырмасы. Полицияны цифрландыру қалай жүргізіліп жатыр?

- Әділ мырза, бүгінгі күні Мемлекет басшысының берген тапсырмаларына сәйкес еліміздің құқық қорғау органдарын реформалау жұмысы жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты полиция цифрландыру процесінің көмегімен қандай нәтижелерге қол жеткізді?

- Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жасау туралы тапсырмасының негізінде Ішкі істер министрлігі «Азаматтардың хабарламаларын қабылдау процесінің омниканалдығы» жүйесін іске қосты. Осы жоба шеңберінде азаматтардың өтініштерін қабылдау процесінің омниканалдығы жүйесі және «102» мобильді қосымшасы қолданысқа енгізілді.

- Қазіргі таңда бала қауіпсіздігіне баса назар аударылып келеді, осыған байланысты олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған қандай іс-шаралар қолға алынды?

- Жалпы алғанда, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қатаң бақылауында.

Осы тұрғыда, Үкіметтің бірқатар кеңесінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Сол кеңестер қорытындысы бойынша ірі қалаларда орналасқан білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен жарақтандырып, осы бағытта белсенді жұмыстар атқарылып жатыр.

- Осы уақытқа дейін қанша білім беру ошақтары бейнебақылау жүйелерімен қамтылды және олар жедел басқару орталықтарына қосылған ба?

- Бүгінгі күні барлық 7 370 білім беру ұйымы бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған, оның 40 пайызы ірі қалаларда орналасқан. Олардан келіп түсетін бейне мәліметтерді ішкі істер органдарының жедел  басқару орталықтары мен кезекші бөлімдерінен көруге болады. 

Қазіргі уақытта барлық білім беру ұйымдарының аумағындағы объектілердің сыртқы және ішкі бейнебақылау камераларын аумақтық полиция бөлімдерінің жедел басқару орталығына қосу жұмыстары жалғасып жатыр.

Сонымен қатар облыс орталықтары мен ірі қалалардың мектептері «SOS» батырмасымен жабдықталған. Оларды мамандандырылған күзет қызметіне және ішкі істер органдарына қосу жұмыстары жүргізіліп келеді. 

Соңғы мәліметтерге сәйкес мамандандырылған күзет қызметіне – 4 418 және полицияға – 3 679 мектеп ғимаратының дабыл қондырғылары қосылған.

102, SOS батырмасы. Полицияны цифрландыру қалай жүргізіліп жатыр?

- 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап ІІМ-де 102 мобильді қосымшасы іске қосылған еді. Осы қосымшаның жұмысына толығырақ тоқталып өтсеңіз?

- Жүйенің басты мақсаты – азаматтарға ІІМ орталық аппараты мен аумақтық бөліністерінің қызметіне жүгіну үшін түрлі арналарды ұсыну. Жүйе арқылы азаматтар Android және ІOS операциялық жүйелері үшін қолжетімді 102 мобильді қосымшасымен шұғыл шақыруға жүгіне алады.

Шұғыл шақыру кезінде қоңырау шалушының орналасқан жеріне байланысты шақыру белгілі бір аумаққа қызмет көрсететін жедел басқару орталығына немесе аудандық полиция бөліміне таратылады. Жедел қоңырау бейнеқоңыраумен бірге жүреді, ал мұндай қоңырауды қабылдаған операторға бейнеден басқа қоңырау шалушының сол сәтте орналасқан жері көрсетіледі. 

Жедел қоңырау аяқталғаннан кейін қоңыраудың бейне және аудио жазбасы сақталады. Сондай-ақ 102 мобильді қосымшасында тіркеу кезінде азаматтардың Жедел басқару орталығы желісі бойынша хабарлама қалдыру мүмкіндігі бар. Мысалы, жол-көлік оқиғалары туралы, Жол жүрісі қағидаларын бұзу, баламен болған оқиға, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарлама бере алады.

Сонымен қатар жүгінген кезде азаматтар мәтіндік ақпаратты жіберіп, фото және бейне материалдарды қоса бере алады. 

- 102 мобильді қосымшасының тағы қандай мүмкіндіктері бар?

- Жедел басқару орталығы желісі бойынша хабарламадан басқа, мобильді қосымша арқылы азаматтардың мынадай мәселелер бойынша өтініш қалдыру мүмкіндігі бар, атап айтқанда, қабылдауға жазу, ішкі істер органдарына орналасу тәртібі, полиция қызметкеріне шағымдану, терроризм және экстремизм көріністеріне қарсы іс-қимыл, тергеу мәселелері.

102 мобильді қосымшасынан басқа, осы жүйе азаматтарға 24/7/365 режимінде жұмыс істейтін және мынадай арналар арқылы қолжетімді чат-боттар ұсынады:

- Қазақстан Республикасы ІІМ-нің ресми сайты: https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim

- Telegram хабарламалармен алмасу сервисі: https://t.me/QZ102bot

- Facebook Messenger: https://m.me/qriim.mvdrk

- VK: https://vk.com/public198182087

Осы чат-боттар арқылы азаматтар олардың сұрау салуы бойынша мәтіндік кеңес алады, егер чат-бот автоматты түрде жауап бере алмаса, өтінішті тіркеп ІІМ қызметтері үшін өтініш қалдыра алады. 

Жүйеде ІІМ-ге нақты уақыт режимінде шұғыл шақырулардың санын қадағалауға, қосымша жұмыс орындарының санын болжауға, чат-боттарға сұрау салу бойынша трендтерді бақылауға, өтініштерге уақтылы жауап беруді қадағалауға, пост-мониторингт арқылы шақыруларды өңдеу сапасын арттыруға мүмкіндік беретін талдамалық және статистикалық деректерді жинау бойынша модуль көзделген.

Қазіргі таңда «102» қосымшасын жүктеу саны 53 мыңнан астам 
(PlayMarket – 39,2 AppleStore – 14,1 мың).

102, SOS батырмасы. Полицияны цифрландыру қалай жүргізіліп жатыр?

- Осы тұста қосымша арқылы келіп түскен хабарламалар санын айтып өтсеңіз?

Қосымша жұмыс істей бастағаннан бері 128 мыңға жуық хабарлама келіп түсті, оның ішінде 80,5 мың аудио/бейне қоңырау, 16,8 мың мәтіндік хабарлама, 30,4 мың өтініш түрлі мессенджерлерден келіп түсті (Telegram - 5610, Facebook - 3914, Вконтакте - 484, ІІМ сайты - 20367).

Қосымша арқылы полицияның кейбір сервистері және анағұрлым сұранысқа ие мәселелер бойынша анықтамалық ақпарат алу мүмкіндіктері кеңейтілді.

Сонымен қатар VIN нөмірін және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін  енгізу арқылы көлік құралының тарихы туралы ақпарат алу сервисі іске қосылды. Функционал іске қосылған сәттен бастап (2021 жылғы 10 қазаннан) азаматтардан 5 мыңдай сұрау салу келіп түсті және өңделді.

- Естуімізше, былтырғы жылдан бастап шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, SOS батырмасы іске қосылды. Бұл құрылғыны азаматтар қай кездерде пайдалана алады?

- Дұрыс айтасыз, өткен жылдан бастап қоғамдық орындарда «SOS батырмасы» дабыл жүйесін орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Олар жедел басқару орталықтарына немесе құрылғылар орналасқан жердегі кезекші бөлімге қосылады, бұл өз кезегінде ақпаратты оқиға орнынан лезде аудио-бейне байланыс арқылы азаматтардан алуға мүмкіндік береді. Аудио-бейне байланыс арқылы жедел кезекші оқиғаның ауқымын бағалайды, тапсырмаларды түзетеді және қажетті күштерді пайдаланады.  

- Осы дабыл жүйесі нақтырақ айтсақ қай жерлерге орнатылады?

- «SOS батырмалары» аппараттық-бағдарламалық кешені адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарда, көшелерде, күзет объектісінің аумағында орнатылады, атап айтқанда осы батырманы үлкен сауда орындарында, әлеуметтік-мәдени мақсаттағы объектілерде, яғни мектептерде, ауруханаларда, спорт клубтарында  және т.б. жерлерде көруге болады.

Бүгінгі таңда республика бойынша қоғамдық орындарда 114 құрылғы орнатылған. Мәселен Нұр-Сұлтан қаласында – 13, Алматы облысында – 7, Шығыс Қазақстан облысында – 10, Жамбыл облысында – 10, Қарағанды облысында – 36, Қостанай облысында – 1, Батыс Қазақстан облысында – 10, Солтүстік Қазақстан облысында – 2 Павлодар облысында – 14 және Түркістан облысында – 11 құрылғы жұмыс істеп тұр.

SOS дабыл батырмасы жүйесі маңызды күзету және төтенше жағдайлар туындауына дереу ден қоюды талап ететін және дереу әрекет етуге мүмкіндік беретін кешенді құрылғы. Олар тұрақты орналастырылуы немесе тасымалды салпыншақ түрінде дайындалып пайдаланылуы мүмкін. 

Мысалы, көшелерде тұрақты стационарлық түрі, ал мектептерде тасымалды түрі де және стационарлық батырма құрылғысы да бірге қолданылады.

- Сөз соңында цифрландыру шеңберінде алдағы уақытта атқарылатын істермен бөліссеңіз? 

- Бүгін сұхбат барысында ішкі істер органдары саласындағы цифрландырудың негізгі бағыттары туралы біраз айтып өттім. Полиция жұмысын заманауи технологиялармен жетілдіру бүгінгі күннің талабынан туындап отыр, ол өз кезегінде барлық қызметтердің цифрландыру деңгейіне, байланыс сапасына және жедел ақпарат алмасу мүмкіндігіне байланысты екенін білесіздер.

Осы орайда министрлікке үлкен міндеттер жүктелген. Ал оларды іске асыру үшін ішкі істер органдарының да, жергілікті атқарушы органдардың да бірлескен күш-жігері қажет. Сонымен қатар барлық іс-шара тікелей азаматтарымыздың мүдделерін қорғауға, оның ішінде қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың санын азайтуға бағытталған маңызды бастамалар.

Сөзімді қорытындылайтын болсам, бүгінгі күні полицияны цифрландыру халқымыздың игілігі үшін жасалып жатыр, сол арқылы жұмыстың сапасы мен азаматтарымыздың сенімі артып, оларға полицияның қызметі қолжетімді болады деп сенемін. 

- Әділ мырза, әңгімеңізге көп рахмет! Қызметіңізге табыс тілеймін! 

Өзгелердің жаңалығы