Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқыны сақталуда. Осы жылдың қаңтар-тамызында өндіріс көлемі 4,8%-ке өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңдеу өнеркәсібінде 16 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалуда, - деді Ә. Қуантыров.
Министрдің атап өтуінше, өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 7,9%-ке, оның ішінде автомобиль жасаудың – 18,2%-ке, электр жабдықтарын жасаудың – 8,3%-ке, азық-түлік тауарлары – 3,5%-ке, сусындар – 7,5%-ке, пластмасса бұйымдары – 5,1%-ке, дайын металл бұйымдары – 2,4%-ке, химия өнеркәсібі тауарларының – 11,8%-ке, киім өндірісінің – 7,1%-ке өсуі қамтамасыз етілген.
Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 0,7%-ке ұлғайды. Салалар бөлінісінде өсу тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде – 18,5%-ті, газ өндіруде – 2,7%-ті, көмір өндіруде – 2,2%-ті, металл кендерін өндіруде – 0,5%-ті құрады. Бұл ретте өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 8,3%-ке төмендеу тіркелді. Аталған кезеңде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 7,5%-ке ұлғайды. Көрсеткіштің оң өсуі 16 өңір бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Алматы, Ұлытау, және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Шымкент және Алматы қалаларында байқалуда, - дейді министр.