Елімізде неліктен базарлар көп өртенеді?

8 Ақпан 2024, 18:03
847
Бөлісу:
Елімізде неліктен базарлар көп өртенеді?

Өрт тілсіз жау. Жақында Семейде сауда орталығы өртеніп, саудагерлердің тауары күлге айналды. Елімізде неліктен базарлар өртеніп жатыр, өрт қайдан шықты шолу жасап көрген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Семей қаласы, «Ақшын» сауда үйіндегі өрт

Ақпан айының 5-жұлдызынан 6-на қараған түні өрт сөндіру қызметіне хабарлама келіп түскен. Ірі сауда ортылығынан шыққан тілсіз жау түнде тұтанған. «Ақшын» сауда үйіндегі өрт 20:55-те сөндірілді. Өртті сөндіруде қиындықтар да болған. Ғимарат ішіндегі қатты түтін мен жоғары температура, жанғыш материалдардың көп болуы және ғимараттың күрделі орналасуына байланысты өрттің тез таралуы қиындық тудырған. ТЖД және Денсаулық сақтау басқармасының психологтары 200-ден астам кәсіпкерге шұғыл-психологиялық көмек көрсетті. Өртті жоюға 487 адам, 46 техника жұмылдырылған. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ.

Шығын қалай өтеледі?

Табыс тауып отырған жерінен бір күнде айрылу әрине кәсіпкерлер үшін қиын жағдай. Ең ірі базардың өртенуінен 1000-нан аса адам зардап шекті. Материалдық шығынға ұшырады. Бір түнде жұмыстарынан айрылды. Өртенген базардың шығынын кім өтейді? Бұл сұрақтың жауабы Үкімет  кеңейтілген отырысынан кейінгі брифингте көтерілді. Бұл сауалға Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жауап берді.

Онда арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Олар өрттің себебін анықтамақ. Өрттің шығуына базар иесінің немқұрайлылығы себеп болды ма, әлде басқа себептер бар ма? Мәселенің (нақты) себебін анықтағасын ол комиссия отырысында қаралатын шығар. Екіншіден, облыс әкімдігінің маған берген мәліметіне сәйкес, оқиға орнында базардың иесі жұмыс істеп жатыр. Қазір өрттің себебі мен әрбір адамға келген залалдың көлемін анықтау керек. Комиссия шешімінен кейін ғана көмек беру мәселесі қаралады, - деді ол.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, әрбір адамға келген шығынды анықтау керек.

Біріншіден  өрттің себебін анықтау керек. Оған кім жауап береді? Екіншіден, келген шығынның көлемін анықтау керек. Содан кейін қолдау көрсету мәселесі қарастырылады. Алайда жаңа жұмыс орнын беру жұмысын әкімдік пен базардың иесі бастады. Өрттің себебі мен келген шығынды анықтап алайық, - дейді Тамара Дүйсенова.

Үкімет көмек бере ме?

Семейде өртенген ірі базардағы кәсіпкерлерге Үкімет тарапынан қандай көмек көрсетіледі. Бұл сұраққа Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жауап берді. 

Заң тарапынан (ондай көмек) қарастырылмаған. Қазір өртті әлі сөндірген жоқ. Тамара Қасымқызы, шығын есептеліп жатқанын айтты.Содан кейін арнайы комиссия тиісті шараны қабылдайды. Базардың иесі де көмектесуі керек. Адамдарды мұндай жағдайда ешкім қалдырмайды. Алайда қазір бірдеңе деп айту қиын, - деді ол.

Заң не дейді?

Өрттен кейінгі шығынды кім өтейді? Бұл көптің көкейіндегі өзекті сауалдарды бірі болары анық. Осы орайда заңгер Жандос Тұяқовтың пікірін білдік.

Бүгінгі таңда өрт бойынша келген шығынды кім төлейді деген сауал мерзімінен бұрын қойылған сұрақ. Өйткені қолданыстағы ҚР азаматтық кодексінің 917-бабына сәйкес қандай да бір заңсыз іс-әрекет келтірілген тұлға заңды тұлғаның алдында немесе жеке тұлғаның алдында толық төлемде жауап береді деп көрсетілген. Сол себепті қазіргі таңда құзыретті органдардың қандай да бір шешімін күткен абзал болады. Өйткені осы шешім негізінде бірінші өрттің себебін анықтау керек. Егер де өрттің себебіне бір жеке тұлға, немесе азамат анықталып,  әдейі өрт салған болса ол кісіні заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылуын күту керек.  Егер қандай да бір техникалық қауіпсіздік сақталмаған жағдайда қызмет көрсету ортылығына жауапкер тұлға да жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Егер ғимараттың иесін жауапкершілікке тартса содан өндіруге болады. Немесе қылмыстық соттан басқа азаматтық сотқа беріп иесінен өндіріп алуға болады. Регресстік тәртіпте ғимараттың иесі өзінің жұмыскерінен өндіріп алады. Қорытындылап айтатын болсақ, кімді жауапқа тартатынын құзыретті органдардан жауабынан кейін белгілі болады. Содан кейін ғана азаматтық немесе қылмыстық сотта талап-арыз беріп, келтірілген шығынды өндіріп алады,- дейді заңгер.

Неліктен базарлар өртеніп жатыр?

Өрттің шығуына негізгі себеп қауіпсіздік ережелерінің дұрыс сақталмауы. Одан бөлек өртті өшірудің қиынға түсуі. Себебі өрт сөндіру кезінде отқа жылдам жанатын заттардың болуы да кері әсерін тигізеді.

Өзгелердің жаңалығы