Елімізде газ баллондар иелерінің тізімі жасалуы мүмкін

11 Қаңтар 2023, 12:07
1349
Бөлісу:
Елімізде газ баллондар иелерінің тізімі жасалуы мүмкін

Елімізде газ баллондар иелерінің тізімі жүргізілуі мүмкін. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында заңды талқылау кезінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сұйытылған газ айналымын реттеу процестерінің реинжинирингі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы талқыланып, бірінші оқылымда қабылданған болатын. 

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин заң жобасын қолдап, өз пікірін ортаға салды.

Қарастырылып отырған заң жобасы еліміз үшін өзекті. Заң жобасының барлық нормасы сұйытылған газ айналымын есепке алудың ашықтығын арттыруға және жетілдіруге бағытталған. Сұйытылған газ – бұл халықтың сұранысына ие әлеуметтік маңызы бар тауар. Өйткені сұйытылған газ нарығындағы кез келген тұрақсыздық қоғамда әлеуметтік шиеленіс туғызады, жанжалдарға себеп болады, - дейді ол.

Депутаттың ойынша, ресурсқа бай елде мезгіл-мезгіл ресурс тапшылығы туындап, бағаның кенеттен негізсіз өзгеріп кетуі ақылға қонбайтын нәрсе. Мұндай жағдайлардың болмауы үшін сұйытылған газ айналымының барлық процесін автоматтандыру қажет. Алайда ақпараттық жүйелерді енгізер алдында өнім көлемін әкімшілендіру, қайта бөлу, есепке алу рәсімдерін ретке келтіру қажет.

Жаңбыршин нарықтың барлық қатысушысын анықтап, заңдастыру керегін айтты. Сөзінше, заң жобасы осы проблемаларды шешуге бағытталып отыр.

Заң жобасында газ толтыру стансалары, пунктері, автогаз құю стансалары, топтық резервуарлық қондырғылар иелерінің және өнеркәсіп тұтынушылары, қысыммен жұмыс істейтін, сұйытылған мұнай-газды сақтау үшін пайдаланылатын цистерналар, бөшкелер мен баллондар иелерінің тізімін жүргізу ұсынылады. Мен де осы норма авторларының бірімін. Төтенше жағдай министрлігінің жауабы дұрыс емес. Олар бізде реестер (тізілім – ред.) бар деп отыр. Ондай жүйе болса, онда біз тәжірибе жүзінде реттей алмай отырмыз. Себебі алыпсату бар, «көлеңкелі экономика» бар. Бағаның өсуіне осылар әсер етіп отыр. Мұндай есептің болмауынан тұтыну нарығын іс жүзінде көрмейміз. Көлеңкелі мәмілелердің көлемін бағалай алмаймыз. Сондықтан бұл норма қабылдануы керек, - деп есептейді Мәжіліс депутаты.

Жаңбыршиннің айтуына қарағанда, заң жобасы реттеушінің өндірушімен бөлшек сауда арасындағы бағаны теңгерімдеу мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі таңда реттеуші газ бағасын өндіру кезеңінде ғана ұстап тұр. Бұл зауыттарымыздың тоқырауына алып келеді. Бұл өз кезегінде бөлшек саудада алыпсатарлыққа алып келеді.

Өзгелердің жаңалығы